Бірқатар ақпарат көздері, соның ішінде кейбір Telegram арналары Сәтбаев қаласының аспанында құрлықаралық «Орешек» зымыранының ұшуы байқалғаны туралы ақпаратты жариялады. Болған оқиғаның шын-жалғандығын анықтау үшін біз әскери әскери сарапшы, Әскери ғылымдар академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серкпаев Мұхтар Өмірсерікұлына жүгіндік.
Сарапшының пікірі
«2024 жылғы 21 қарашада Астана уақытымен сағат 17:22-де Байқоңыр ғарыш айлағынан «Прогресс МС-29» жүк ғарыш кемесі жоспарлы түрде ұшырылды. Қазақстандық және ресейлік БАҚ алдын ала жариялаған бұл ұшырылым Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жүктерді жеткізу бағдарламасының бөлігі болып табылады. Бұл оқиғаның тікелей эфирі Роскосмостың ресми ресурстарында жарияланды.
Ұшқан құрлықаралық «Орешек» зымыраны туралы ақпараттың астында ешқандай негіз жоқ. Байқоңырдан зымыран тасығыштардың ұшуы олардың траекториясының айтарлықтай қашықтықта көрінуімен қатар жүретінін түсіну маңызды. Сәтбаев қаласының тұрғындары «Прогресс МС-29» кемесін орбитаға жеткізген «Союз» зымыран тасығышын байқаған. Бұл көбінесе түнгі аспанда, әсіресе ұшу жолына жақын елді мекендерде байқалатын құбылыс.
Ал әскери әрекеттер туралы ақпаратқа келетін болсақ: фактчекинг Украина аумағына соққы болғанын көрсетеді, бірақ ол 21 қарашада Киев уақыты бойынша таңғы 5:17-де (Астана уақыты бойынша 7:17) орын алды. Бұл соққы Ресейдің Астрахан облысының аумағынан келді. Бұны Ресей журналситтері бірден жазды. Сондықтан 10 сағаттан кейін ұшырылған » Прогресс МС-29″ ғарыш кемесінің Украинадағы соққымен ешқандай байланысы жоқ».
Сарапшының ұсынысы
«Ақпараттық дереккөздерде, әсіресе әлеуметтік желілерде және Telegram арналарында жалған ақпараттың таралуы қоғамда қажетсіз шиеленісті тудырады.
Мен біздің азаматтарды осындай мәлімдемелерге сыни көзқараспен қарауға, фактілерді тексеруге және ресми дереккөздерге, сондай-ақ сараптамалық түсініктемелерге жүгінуге шақырамын».
Comments