Жаңалықтар

БАР МƏСЕЛЕ ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМНІҢ АЗДЫҒЫНДА ЕМЕС ПЕ?

Біздің қаржылық сауатсыздығымыз несие алып, оны төлей алмай жүргендігімізден, алаяқтардың несиені сыртымыздан рәсімдеуіне жол беруімізден байқалады.
Кімнен сұрасаңыз да бәрінің мойнында азды-көпті несиесі бар. Жастардың, яғни менің құрдастарымның көбі көлік пен үйді несиеге алып отырғаны жасырын емес. Өйткені, көбі оларды сатып алатындай көлемді қаржыны азғантай айлығынан жинай алмайды. Амалсыз несие алуына тура келеді.
Қазіргі таңда ересектерді қойып, мектеп оқушылары да үйіндегілерді несиеге кіргізіп барады. Олардың дені смартфон сияқты техникаға әуестеніп алған. Өйткені, олардың бір-бірінен қалмауы керек. Көптеген зейнеткер ата-әже өзі үшін емес, мектепте оқитын немерелеріне сондай қымбат бағалы телефондарды зейнетақысынан несиеге алып беріп, төлеп отырғанының куәсі болып жүрмін.
Бір таныс ағай базарға мал тасып, қарызымды да, шаңырақтың қажетін де сонан шығарамын деп, несиеге шағын жүк автокөлігін жоспарлап алып еді. Түрлі жағдайлармен ол ойы жүзеге аспай, несиесін төлей алмай, қарызға онан сайын батты. Өйткені ол әлгіндегі несиесін жабамын деп, басқа банктен ақшалай тағы несие алды. Сөйтіп жүргенде көлігі бұзылды. Оны жөндеуге тағы қаражат таба алмады. Жұмыссыз қалды да, арақ ішетін таныстарына қосылды. Әрине, үйде ұрыс-керіс көбейді. Жанжалдың соңы отбасының ажырасуына әкелді. Әйел кетті үш бала-шағасын жетектеп. Ол қалды үйде жалғыз. Қазір аздап тапқан табысына үш-төрт күн бойы арақ ішеді. Сонан қойып, қайтадан біреулердің жеке меншік жұмысына жалданады. Енді оның қашан отбасына қосылатынын, немесе онан ары адасып жүре беретінін алдағы уақыт көрсетеді… Бұл — несиені сауатсыздықтан алғанының бір ғана зардабы. Бұлай деп неге айтып отырғанымды біраздан соң түсінетін боласыз.
Осы несие деген қайдан, қай ғасырдан басталды? Соған қысқаша тоқтала кетейік.
Жалпы, несие дегеніміз алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінен басталған. Еңбекқор әрі пысығы байып, жалқаулары кедейленіп, өзіне аса қажетті затты қолында бар адамнан қарызға ала бастады. Біртіндеп байый түскендер сұрағандарға өсіммен беруді үйренді. Осылай несие біртіндеп өсімқорлыққа ұласты.
Шаруа адам несиені мұқтажын өтеу үшін алса, берушілер байыған үстіне баю үшін берді. Бұл капиталистік тауарлы өндіріс тұсында барынша дамыды. Беруші қанша пайыз өсім қойса да оны өзі ғана шешті.
Қазір осы өсім арқылы қарыз беру әлемде банктер арқылы іске асырылуда. Банк деген сөз италиянша орындық, яғни айырбас орны дегенді білдіреді. Қазір елімізде халыққа екі деңгейлі банк қызмет етуде. Оның біріншісі эмиссиялық банк. Оның ақша белгілерін эмиссиялауға, шығаруға құқы бар. Біздің елімізде ол Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі деп аталады. Басқалары екінші деңгейлі банктер. Олардың ақша белгілерін шығаруға құқы жоқ. Қазақстан халқы негізінен осы екінші деңгейлі банктермен жұмыс істеуде. Олар — 21. Бұл банктер клиенттерге көрсететін қызмет түрлерін барынша ұлғайтып келеді. Сырттай қарағанда банктер өз жұмысын тамаша атқаруда.
Көптің көңілінен шығып жүрген «Қазақстан Халық Банкі» АҚ елдегі зейнетақы, жалақы төлеу, салықтық, коммуналдық қызмет төлемдерін қабылдау, шағын және орта кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелермен есеп айыру мен кассалық қызмет түрлерін көрсетуде. Әрине, бұлардың ішінде тұрғындарға несие беру де бар.
Иә сырттай қарағанда еліміздегі барлық банк өз жұмысын тамаша атқаруда. Бірақ, ең өкініштісі, олардың өсім пайызының тым жоғарылығында.
Басқа шетелдерде жылдық пайыз қанша екенін байқап көрейік. Дамушы Венесуала, Аргентина сияқты мемлекеттерде жылдық өсім пайызы 20-22 %, 26-28% құрайды. Ал жылдық мөлшерлемесі ең төменгілер — дамыған мемлекеттер. Мәселен, Еуропалық Орталық Банктікі 3% болса, Финляндияда тұрғын үй үшін 1,5% ғана төлейді.
Ел азаматтарының банктер мен қаржы ұйымдарына қарызы 21 триллион теңге. Халықтың 7,5 миллионының несиесі бар. Бұл бүкіл ел тұрғынының үштен бірінің мойнында несие ілініп тұр деген сөз. Несиені аларын алып, төлей алмай жатуының басты себебі — несие пайызының жоғары екендігінде деп ойлаймын. Банктер бірінші кезекте халықты емес, өз қалталарын ғана ойлайды. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын банктердің таза түсімі 1,5 трлн. теңгені құраған. Бірақ олар бұдан несие пайызын төмендетпеген. Біздегі несие алушылардың қателігі де осында: несиенің тым жоғарылығынан ертең өзінің төлей алмайтынын есептей алмауында.
Әлеуметтік желілердің бірінде мынадай тамаша материал оқыдым. Экономист-сарапшы, банк секторының маманы Дәурен Арын өзі білім алған Жапониядан мынандай мысал келтіреді: оларда екінші деңгейлі банктер кәсіпорындарды қаржыландыруға барынша қызығады екен. Белгілі бір банктің сынбайтын терезе шығарған өнертапқыштың жобасын қаржыландырып, бұл күнде сынбайтын терезелердің нарықта пайдалануға беріліп жатқанын айтады. Ал бізде ше? Осындай оқиға естіп көрдіңіздер ме?..
Спортта жеңіске жеткендерге түрлі ірі сыйлықтар берілсе, ғылымда Халықаралық байқауларда орын алып келген өнертапқыштарға ондай сыйақы ұсынылмайды. Баланың ойыншығын алатындай ғана қаржы беріледі. Бұл біздің елде ғылымға аса мән беріліп отырмағанын көрсетеді. Ел көркейсе, гүлденсе, жаһандануда өз орнын жоғалтпай, өркениетке қол жеткізері анық. Бұл ой жоғарыда Жапония мысалынан кейін келіп отырғанын сезіп отырған боларсыздар. Сонда олардың банкирлері де ел ғылымының дамуына өз үлесін қосуда.
Банк қызметкерлерінің дені жастар екені рас. Сол жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырудың бір жолы — қазақ тілінде от ауызды, орақ тілді шешендер мен билердің ұтымды да өткір сөзін жаттаудан байқау ұйымдастыру. Қатысушы жай ғана емес рөлге ене, нəшіне келтіре орындауы керек.
Тағы бір мəселе — банк қызметкерлерінің киім киюі. Əрбір мемлекетте бұл елдің негізін қай ұлт құрайтыны білініп тұруы тиіс. Сондықтан əрбір киімде қазақы ұлттық ою-өрнек көрініс тапса, нұр үстіне нұр.
Тағы бір мәселе, банк қызметкерлері арасында сөзбен емес іспен көрсету үшін шағын немесе ірі кəсіпорынның дамуы жолында банк арқылы қандай жеңіл несие ұсынуға болады деген тақырыпта менеджерлер арасында байқау ұйымдастырып, жеңіске жеткенін іске асырса. Əрине, жеңімпазды қаржымен ынталандыру қажет. Жалпы, елдің экономикасын көтеру жолында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды негізге алып, сол жолында еңбектенсе, банк қызметкерлерінің де елге қосқан үлесі мол болар еді. Теңіз тамшыдан құралады десек, əрбір маманның кішкене еңбегінің өзі үлкен азаматтық істерге бастау болатыны аян.
Басты тақырыбымызға қайта оралайық. Қаржылық сауаттылықты жақсарту жолында елімізде түрлі үгіт-насихат жұмыстары жоқ, жүрмейді десек, өтірік болар. Биыл республика бойынша «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры мен Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының бірлесе ұйымдастыруымен өткен «Іскерлік журналистика: қаржылық сауаттылық» атты семинар-тренингте қаншама журналистер білімін жетілдірді. Бұл да сауаттылықты дамытуға қосылған үлестің бірі.

Тұрғындардың несиені алып, оны төлей алмай жүруінің басты себебі — қаржылық сауатсыздықта. Олардың денінің отбасындағы қаржыны дұрыс есептей білмеуінде. Президент өз Жолдауында қаржылық сауаттылықты енгізу керек екенін баса айтты. Əсіресе, қаржылық алаяқтыққа жем болмау үшін қазір мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылық курсы енгізіле бастады. «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғаны да қазір қарызға батып жүргендерге үміт сыйлауда. Елімізде бұл жобаға қатысушылар оқыту курсы біткенде отбасылық қаржыны игерумен қатар табысқа қалай қол жеткізуге болатынын да үйреніп шығуда. Ең бастысы, оған қатысушылар жауапсыз несие алып, төлей алмай жүрудің дұрыс емес екеніне көзі жетеді.
Қаржылық сауатсыздықтың тағы бірі қазір көптеген шағын жеке меншік кəсіпкерлер қарамағындағы жұмысшыларға зейнетақы жарнасын төлемейді. Міне, бұл əлгі жұмысшы үшін үлкен зиян әкеледі. Ертең зейнеткерлікке шыққанда оның еңбек еткен жылдары еш есепке енбейді. Өйткені, оның негізі болып саналатын зейнетақы жарнасы жоқ. Мұны жастар қазірден бастап есте сақтауы керек. Бұрын ол еңбек өтілі болып есептелетін. Қазір олай емес.
Алаяқтарға жем болмаудың тағы бір жолы eGov.kz порталы арқылы «Кредит алудан бас тартамын» деп өтініш беріп қойса, ешкім сырттай несие рəсімдей алмайды. Мұны 18 жасқа толған ұл-қызға да рəсімдеп қоюға болады. Бұл да қаржы алаяқтарынан қорғанудың сенімді жолы.

Ең бастысы, əрбір азамат мынаны есте сақтағаны абзал: ешуақытта банк қызметкерлері, тіпті Ұлттық банк өкілі де сізге телефон шалмайды. Біреу алдап телефон соққан күнде оған ешқашан код, ЖСН нөмірін, банк картасының нөмірін айтуға болмайды. Осыларды əрбір азамат есте сақтағаны дұрыс.
Қорыта келгенде, ел азаматтарының қай салада қызмет етсе де, бойында өзі өмір сүріп отырған туған жеріне, Отанына, айналасындағы адамдарға деген патриоттық сезімі мен адалдық болмайынша, ол ел алға дамымайды. Үлкен де, кіші де әрбір жанға өз бауырындай мейірім көрсете, жақсылық істесе, білмегенін білгендері бір-біріне айтса, сонда ғана бір жұдырықтай біріге аламыз. Ешкімге жем болмаймыз. Осыны əрбір елім деген азаматтың есте сақтағаны ләзім!

Оралбек Жанерке Әлиасқарқызы

Шымкент қаласы 

Take a journey to Mardin’s amazing cuisine and rich history

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *