«БЖЗҚ» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) «2023 жылға актуарлық есебін» (бұдан әрі – Есеп) жариялады. Онда Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары бойынша кешенді актуарлық есептердің негізгі нәтижелері ұсынылған.
Мемлекеттің маңызды міндеті — халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және зейнет жасында лайықты төлемдерді қамтамасыз ететін тиімді зейнетақы жүйесін құру. Зейнетақы жүйесінің тиімділігі осы Есепте талданатын және болжанатын түрлі көрсеткіштер бойынша бағаланады.
Есептің 1-бөлімінде Қазақстандағы демографиялық трендтер және олардың зейнетақы жүйесіне әсері сипатталған. 01.01.2023 жылға арналған демографиялық жағдай сипатталып, стохастикалық және детерминистік тәсілдерді ескере отырып, 2050 жылға дейінгі демография бойынша болжамды трендтер ұсынылған.
2-бөлімде ортақ құрамдауыштың объективті қысқаруы және жинақтаушы құрамдауыштың дамуы жағдайында Қазақстандағы болашақ зейнетақы төлемдерінің лайықтылығын болжау және бағалау ұсынылған. Атап айтқанда, экономикалық ынтымақтастық пен дамуды ұйымдастыру әдіснамасы шеңберінде пайдаланылатын стандартты экономикалық жорамалдарды, сондай-ақ елдегі экономикалық жағдайларды ескеретін нақты жорамалдарды ескере отырып, еліміздің көпдеңгейлі зейнетақы жүйесінің құрамдас бөліктері бойынша жеке алмастыру коэффициенттерінің болжамы жүзеге асырылды.
Есептің 3-бөлімінде зейнетақы ағындарын үлгілеу және болжау ұсынылған. Дәлірек айтсақ, KazPRESTO кешенді актуарлық үлгісі және оның болжамды нәтижелері, демографияны, еңбек нарығын, міндетті зейнетақы жарналарының 10% есебінен зейнетақы төлемдерін үлгілеу сипатталған.
Жылдық актуарлық есеп — Қордың маңызды құжаттарының бірі. Ол кең ауқымды мүдделі тараптарға өзекті ақпарат береді. Құжат халықаралық стандарттар мен ақпарат беру бойынша үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып дайындалды.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
Comments