Елімізде денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау мен дезинсекциялау және дератизациялау бойынша қызметтер көрсетуге лицензия беру қолға алынды. Аталған құжатты рәсімдемеген залалсыздандыру ұйымдарына жоғарыда аталған қызметтерді көрсетуге тыйым салынбақ. Бұл жайында Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов БАҚ кілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
— Облыс аумағындағы аталған қызметтерге лицензия беру шараларын Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті көрсетеді. Бұл қызмет электронды түрде жүзеге асырылмақ. Өтініш электрондық үкімет www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы арқылы жіберіледі. Лицензия беру мерзімі – 15 жұмыс күні ішінде, ал лицензияны қайта рәсімдеу – 3 жұмыс күнінде жауап беріледі,- деді спикер.
Сонымен қатар, Асқар Бекболатұлы лицензия алуға қажетті құжаттармен таныстырды. Ең алдымен қызмет көрсетуші мекемелер облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне өтінішін қалдыруы керек. Сондай-ақ, дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша кәсіптік өзін-өзі реттеу ұйымдарында сертификациялық курстан өткен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дәрігері немесе маманы және нұсқаушы-дезинфектордың болуы шарт. Онымен қоса, құжат рәсімделуі үшін ұйым 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақы төлеуі қажет.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Comments