Бүгінгі сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Пайызхан Момбекұлы 1924-жылы Мақтаарал ауданындағы Ленин ауылында, қазіргі Қалыбеков Аязхан ауылында дүниеге келген. Осы жердегі мектепте жетінші класта оқып жүргенінде Кеңес армиясы қатарында Отан қорғауға шақырылған болатын. Осы жерде жерлесі Қаппаров Қадір екеуі Украинаға қарасты Севастополь қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, байланысшы радист болып майданға қатысты. Соғыс барысында жеңіл жарақат алған кездерінде екеуі әрдайым бір-бірінің қасынан табылып, дәрігерлік көмек пен рухани қолдау көрсетуші еді. 1944-жылы қасына түскен жау снарядының жарқыншақтарынан қолы мен иығынан ауыр жарақаттанған Пайызхан госпитальға түсті. Госпитальда ұзақ емделген ол «соғысқа жарамсыздар» қатарында 1945-жылы елге оралған болатын.
Майданнан келгеннен кейін колхоздың әртүрлі жұмыстарын істеп жүргенде ауылдық кеңеске хатшылыққа тағайындалды. Осы жылы Шардара ауданы Байырқұм совхозында тұратын Батырханқызы Оразкүлмен тұрмыс құрды. Пайызханның төрт інісі мен бір қарындасы болды. Мектепте үздік оқыса да қарт әке-шешесі мен бауырларының қас-қабағына қараған Пайызхан онан әрмен білім қуып кете алмаған еді. Інісі Момбеков Сазаханды Алматы қаласындағы педагогикалық институттың химия факультетінде оқытса, екінші інісі Бабаханды ауыл шаруашылық институтының зооветеринардық факультетінде оқытты. Қалған екі інісі ауылда мал бағумен айналысты. Көп ұзамай қарындасы Нәзипаны құтты орнына қондырған. Басына түскен бар қиыншылықтарды жұбайы Оразкүлмен бірге бөлісетін. Өзінің тоғыз перзентін де оқытып, жоғары білім алуына бар жағдайды жасады. Үлкен ұлы Нәліханды Ташкент қаласындағы Халық шаруашылығы институтының бухгалтер мамандығына оқытты. Дипломын алғаннан соң Нәліхан совхозда бухгалтер, бас бухгалтер, соңынан совхоздың директоры қызметін атқарды. Пайызханның екінші ұлы Өміржан Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылық институтының құрылысшы факультетін бітіріп, өз мамандығы бойынша еңбек етті. Өзінен өрбіген перзенттерінің барлығының өмірден өз орнын тауып, еткен еңбегінің арқасында елге сыйлы болуын Пайызхан Момбекұлы қаншама армандады десеңші. Үлкен қызы Озипа мен Айымкүл өздерінің қалауы бойынша Шымкент қаласында тігіншілікті оқыса, екінші қызы Дариға Жетісайдағы пед.училищенің музыка бөлімін бітірді. Жайна мен Әтір Ташкенттегі бухгалтерлік техникумды бітірді. Айнакүлі Ташкент қаласындағы Низами атындағы пед.институтты бітірді. Кенже қызы Ақмарал Алматы қаласында жоғары білім алды. Үлкен келіні Сұлушаш пен екінші келіні Ұрхияның да жоғары білім алуына бар жағдайды жасады. 1964-жылы ауданда өткен бір жиында соғыстағы қанды көйлек досы Қаппаров Қадірді кездестіріп қалса болар ма. Хат хабарсыз кеткен қандыкөйлек досының тірі екендігіне күманданып жүретін Пайызхан, мына кездесуде досын құшақтай алып, көз жасына ерік берген болатын. Майдандас жандардың жан күйзелісін түсінген сол жердегілер де көз жастарына ерік бере алмаған болатын. «Бізді соғыс та ажырата алмаған. Ендігі қалған өмірімізде бірге болайық», – деген сол кездегі совхоз директоры Қаппаров Қадірдің қалауы бойынша, Пайызхан жаңадан құралып жатқан Аманкелді атындағы совхозына хатшылық жұмысқа тұрған. Ұлы Отан соғысының біткеніне 40-жыл толғанда соғыс ардагерлеріне төрт бөлмелі жеке үйлердің кілті табыс етілген. Осы жиында сөйлеген сөзінде аудан басшылары ардагерлерді Ұлы Жеңіспен құттықтап, көкіректеріне орден-медальдарын тақты. Өзінен өрбіген ұл-қыздарының ел ішіндегі абырой беделіне сырттай қанық Пайызхан әрдайым Құдайға құлшылық қылып отыратын. «Өзім жете алмаған биіктерге бауырларым мен ұл-қыздарым жетсе болғаны. Маған соны көру де үлкен арман болды ғой», – деуші еді соғыс ардагері Момбекұлы Пайызхан. Совхоз директоры болған үлкен ұлы Нәліхан әкесінің жағдайын жасап, Кавказ бен Қырымның, және Кисловодскінің курорттарына демалуға жіберіп тұратын.
«Өзім оқи алмасам да іні-қарындастарымның, және перзенттерімнің оқуына қолымнан келген көмекті аяғам жоқ. Не ексең – соны орасың деген, сірә осы болар» деуші еді тәспісін тартып отырған майдангер қария. Бүгінгі күндері бақилық болған аталары Момбекұлы Пайызханның жүз жылдығын атап өтпек болған перзенттері өздерінің осындай елге қадірлі қарияның ұрпақтары екенін мақтан тұтуда. «Тәңірім бізді ұрпақтарымызбен мақтануды нәсіп еткей» – деген сірә осы болса керек.
Бөріхан Тәмен,
Қазақстан Журналистері және Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.
Comments