Бұл жөнінде Ақтауда өткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының дәстүрлі тамыз кеңесінде Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин айтты. Кейінгі жылдары жасанды интеллекті білім саласында қолдану кең етек алған. Сондықтан плагиат, авторлық құқық, өнертабысты қорғау мен жас ұрпақтың креативті ойлау дағдыларын дамыту сынды мәселелер туындап отыр. Алайда оқушыларды цифрлық игілікті академиялық адалдық қағидаларын ескере отырып пайдалануға үйрету маңызды. «Жаңа технологиялар заманындағы академиялық адалдық» тақырыбындағы ауқымды конференция осы мақсатта ұйымдастырылды.
Педагогтер үшін маңызды жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев, Академиялық адалдық лигасының Жобалық кеңсесінің басшысы Нұргүл Маханбаева, Астана IT университетінің Үздіксіз білім беру сандық институтының директоры Ермек Әлімжановтар төбе көрсетті. Сондай-ақ шараға барлық өңірлердегі Зияткерлік мектептердің 100-ге жуық педагогі қатысып, 3500 мұғалім қашықтан тыңдады.
Тамыз конференциясы – білім берудегі өзекті мәселелерді талқылау үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің барлық мұғалімдерін біріктіретін дәстүрлі алаң. Педагогтер қауымы үшін маңызды жиынның алғысөзінде NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин еліміздегі білім сапасын дамытуда Зияткерлік мектептердің үлесін сөз етіп, бірқатар әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысын баяндады. Сондай-ақ Президент тапсырмасы аясында қолға алынған кадрлық резервті қалыптастыру бағытындағы «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» жобасының нәтижелерімен бөлісті.
«Бүгінге дейін осы жоба аясында 438 педагог біліктілігін арттырып, олардың 150-і мектеп директоры лауазымына тағайындалды. Бүгінде тағы 159 мектеп директоры орынбасарлары оқу курстарынан өтіп жатыр. Сонымен бірге биыл біз Маңғыстау облысында тірек мектептер желісін қалыптастыруды көздейтін «Отпан» жобасын жүзеге асыра бастадық. Бұл жоба арқылы 45 мектепке арнайы әдістемелік қолдау көрсетіп отырмыз. «Аманат» партиясымен бірлесіп іске асырылып жатқан «Бақуатты аймақ» жобасын жақында ғана бастадық. Бұл да біздің тәжірибені таратудағы жұмысымызда ерекше орын алатын жоба», – деп атап өтті ол.
Зияткерлік мектептер жәй ғана оқу ошағы емес, білім саласына мониторинг жүргізіп, еліміздің орта мектептеріне әдістемелік қолдау көрсете алатын ұйым ретінде қалыптасты. Бұл жөнінде Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев жиын барысында атап өтіп, NIS жүйесінің орта мектептердің дамуына қосып отырған пайдасына ерекше екпін берді. Сондай-ақ білім ұясымен бірлесе атқарылып жатқан «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» әлеуметтік жобасының маңызына тоқталды.
Пленарлық отырыстар аясында ұйымға қарасты Білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары Галия Алжанова «NIS-Programme» білім беру бағдарламасын аясында академиялық адалдықты игеру қағидалары жайында егжей-тегжейлі ақпарат берді. Мұнан бөлек, әлемде акамедиялық адалдық принциптерінің қалай сақталатыны жайында сараптамалық материалдарымен бөліскен Басқарушы директор Данияр Теміртасов шәкірттерді жастайынан авторлық құқықты сақтауға үйретудің мемлекеттік деңгейде маңызына тоқталды. Білім берудегі цифрландырудың тиімді тұстарының бірі – BeyimTech өнімдері де таныстырылды.
Айта кетейік, конференция барысында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мамандары білім сапасын дамытуға қосқан үлесі үшін Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Мұнан бөлек, конференцияның пленарлық отырысында «Табысты тәжірибелер панорамасының» ең үздік кейстері анықталды.
Бес күн бойы Зияткерлік мектептердің педагогтері өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарды сараптап, білім берудегі цифрландыру, емтихандар мен дәрістер барысында академиялық адалдық қағидаттарын сақтау мәселелерін қарастырды.
Comments