Адамзат баласы жаралғалы бері өзінің кие тұтар, пір тұттар қасиетті деп санайтын ерекше белгілері болған. Тарих қойнауына көз жүгіртсек әр тайпаның өз таңбасы болған. Бұл таңба арқылы қай ел, қай жер екенін бірден ажыратқан. Ел адамдары қастерлеп кие тұтқан. Елімізде де көне тарихтан сыр шертетін жартастарға ойылып салынған суреттер көптеп кездеседі. Ғылым тілінде петроглиф дейтін таңбалар тек біздің елімізде ғана емес Кавказда, Сібірде, Оралда, Қиыр Шығыста, Швеция, Норвегия, Солтүстік Италия, Португалия, Испания, Солтүстік Африка — Араб елдерінде, Үндістан мен Пәкістан, Қытай, Корея, Жапония, Канада, АҚШ, Аргентина, Чили, Бразилия сияқты әлемнің көптеген елдерінде де бар.
Бұның бәрін арыдан қозғап айтып отырған себебім көне заманнан бері таңба елдіктің нышаны болып есептелген. Тастағы көне таңбалардың көпшілігінен ту көтерген атты адам бейнесі арқылы адам баласы ерте заманнан байрағын бағалап, елдің басты киесі санағанын аңғарамыз. Ежелгі замандарда қазақ жерін жайлаған тайпалардың да өз байрағы, туы болған. Әйгілі ғұн билеушісі Мөденің, түркі қағаны Бумынның, қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің, Тәуекел мен Тәукелердің, Абылайдың, одан кейін қазақтың соңғы ханы Кенесары ханның өз тулары сол замандарда халықтың айбынын асырғаны сөзсіз және ту елдіктің басты белгісі саналған сол заманда. Кескілескен қан майдандарда туды сенімді, батыр ғана ұстаған, сонымен қатар тудың жығылмауына күллі қалың әскер мүдделі болған. Елдің абыз қариялары жорыққа аттанар алдында «Туың жығылмасын» деп бата берген, киелі байрақ еңкейсе, елдің тізесі бүгілетінін білдіретін желбіреген туды ауыздығымен алысқан, белді қазанат мінген батырға тапсырған. Ол сол жорықтағы күллі елдің айбары деп саналған.
«Көк аспан күллі адамзаттың шаңырағы» өзіміз кезіндегі » ТҰРАН » көк түріктің ұрпағымыз деп көк аспанды қадір тұтқан бүгінгі егемен елдің туының түсі аспан түстес болғаны қазақ баласының жанына өте жақын. Туымызда халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан. Оған елдің терең тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, бір сөзбен айтқанда, ұлт құндылықтарының барлығы сыйып тұр.
Желбіреген тудағы көк түс шексіздік пен ашықтықтың, кеңдік пен кемелдіктің ұғымы және ашық аспанда нұрын төккен шұғылалы күннің нұрында қанатын кере қалықтаған қыран ел тәуелсіздігінің символы және бәріміздің мақтанышымыз.
Осыдан 30 жылдан аса уақыт бұрын тәуелсіз мемлекет құрып, баршамызды елдің ертеңі деген ортақ іске жұмылдырған көк байрақ, домбыра тәрізді әр қазақ отбасысының төрінде тұрса ел қадірін, ту қадірін еліміздің әрбір азаматы бала күнінен сезініп өсетіні сөзсіз..
Бөрі басы — ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қай — қайдағым! – деп Сүйінбай ақын жырлағандай көк аспанда көк байрақтың желбірегені, еліміздің асқақ рухының айшықты бейнесі деп білемін…
Қобланды АБЕНОВ
Comments