Кез келген егемен елдің рәмізі болатыны секілді өз валютасының болуы да заңды. Өйткені, ұлттық валютаны жариялап, оны айналымға түсіру тәуелсіздіктің басты қадамдарының бірі болып саналатыны сөзсіз. Қай елдің болмасын валютасы мемлекеттің тарихын тікелей баяндайтыны анық.
Ұлттық банкноттарда мемлекеттің тарихи оқиғалары, елдің мәдениеті мен тарихына елеулі үлес қосқан саяси-тарихи тұлғалардың бейнесі әрі мемлекеттің басты мәдени жетістіктері бейнеленеді.
Көк туы көгінде желбіреген қазақ елінің тұңғыш валютасы (теңге) 1993 жылы айналымға енді. Елдің егемендігін жар салған төл теңгеміз аумалы-төкпелі уақытта біздің ел үшін тәукелді қадам болды.
Қазақ даласының ұлы тұлғалары шығыстың ғұлама философы, ғалым Әл-Фараби мен ұлы Абылай хан, дана ойшыл ақын Абай және жыр жампозы Жамбыл, сөздің пірі Сүйінбай, көрнекті этнограф және географ Шоқандарды бейнелеген алғашқы теңгелер шын тәуелсіздіктің көрінісі іспеттес десем артық айтпас едім.
Кейін 2006 жылы ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген банкноттары айналымға шықты. Теңгенің жаңа дизайны мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін суреттеді..
PS: Еске сала кетейін ақпарат үшін кезінде ата-бабаларымыз қағаз ақшаны аққұйрық, ал, металл ақшаны бақыр, қара бақыр, күреш, қара күреш, шақа, соқыр, жармақ, тиын деп түрлі атаумен атаған. Көлемі мен салмағына қарай алтын мен күмісті тайтұяқ, атантұяқ, қойтұяқ, ботагөз депте атаған…
Қобланды АБЕНОВ
Comments