ЖаңалықтарЖастар саясаты

КЕҢЕСТІҢ l ОТЫРЫСЫНДА 3 МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ


Мемлекеттің негізгі қозғаушы күші ретінде жастарға артылатын жауапкершілік жүгі қандай болса, қолдау мен берілетін мүмкіндік те дәл сондай аса маңызды мәселе.

 Жетісу облысында “12 тамыз — Халықаралық жастар күніне” орай облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің I отырысы ұйымдастырылды.

Кеңес жұмысын Жетісу облысы әкімінің орынбасары Есдаулетов Дияc Рахметұлы жүргізіп, күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Ауыл жастарын әлеуеттендіру мәселесі. Жастар арасында синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл мәселелері. «NEET» санатындағы жастармен жұмыс, өңірлік деңгейде әдіснамалық қамтамасыз ету және жұмыс алгоритмдерін қалыптастыру мәселелері алдағы атқарылатын жұмыс жоспарлары туралы маңызды мәселелер сөз болып, олардың шешілу жолдары ұсынылды.

 Кеңес мүшесі, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры, PhD докторы Нұрғожаев Шыңғыс Болатұлы:

—NEET санатының негізгі проблемасы: NEET санатындағы жастардың жоғары үлесі экономикаға, әлеуметтік тұрақтылыққа және демографиялық жағдайға теріс әсер етуі. Жетісу облысында 2024 жылдың I тоқсандағы деректер бойынша NEET санатындағы жастардың үлесі 7,4%, ал Республика бойынша орташа көрсеткіш 7,0% құрайды.

Жастардың NEET санатына ену себептері: білім деңгейінің төмендігі, кәсіби дағдылардың жетіспеушілігі, әлеуметтік және экономикалық кедергілерге тап болуы.

NEET санатындағы жастармен жұмысты әдіснамалық қамтамасыз етудегі Германияның өнеркәсіптік-сауда палатасының ұйымдастырылуымен жүзеге асырылатын дуалды оқыту жүйесін, Ұлыбританияның «Kickstart» бағдарламасын, Жапонияның «Hello Work» бағдарламасы және Францияның «Civic Service» бағдарламалары сияқты түрлі табысты жобаларды атап өтсек болады.

Германиядағы дуальды оқыту жүйесі талапкерлерді өнеркәсіптік-сауда палатасымен компаниялардың сұранысы бойынша іріктеуді, кәсіптік бағдарлауды, оқу орнын таңдауды, оның материалдық-техникалық базасының заманауи стандарттарға сәйкестігін бақылауды және түлектердің толық жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді қамтиды. Біздің елде дуалды оқыту жүйесі енгізілген, бірақта Атамекен ҰКП рөлін арттырудың жолдарын қарастыру қажет деп санаймын.

«Kickstart» бағдарламасы жастар алты айлық жалақысы бар жұмыс орындарымен қамтып, оларға әрі қарай жұмысқа орналасу үшін қажетті тәжірибе мен дағдыларды алуға мүмкіндік береді. Аймақтық билік жастарға жұмыс орындарын құру үшін кәсіпорындарға субсидиялар мен гранттар беру арқылы осындай бағдарламаларды жүзеге асыра алады.

«Civic Service» бағдарламасы жастарға 6-12 ай бойы қоғамдық пайдалы қызметке қатысу мүмкіндігін ұсынады. Бағдарламаға қатысушылар стипендия, жұмыс тәжірибесі және әлеуметтік-кәсіби дағдыларды дамыту мүмкіндігіне ие болады.

Бұл жобалардың өз өңіріміздегі баламасы ретінде алғашқы жұмыс орны мен жастар практикасы жобаларын атап өтуге болады.

«Hello Work» бағдарламасы бұл жастарға кеңес беру, оқыту және жұмысқа орналасуға көмектесетін мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарының желісі. Жастар жеке кеңес пен қолдау алады, бұл оларға тезірек жұмыс немесе оқу мүмкіндіктерін табуға көмектеседі.

Жоғарыда аталған жобаға балама ретінде өңірлік мансап орталықтарын атап өтуге болады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, NEET санатындағы жастармен жұмыс істеудің табысты бағдарламалары кәсіптік білім беру, жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдау және әлеуметтік бағдарламалар сияқты кешенді тәсілдерді қамтиды. Бұл тәсілдерді аймақтық деңгейде бейімдеу және енгізу NEET санатындағы жастармен жұмыс тиімділігін едәуір арттырып, олардың қоғам мен экономикаға сәтті интеграциялануына ықпал ететіні сөзсіз.

Кеңес мүшесі,Ахмедова Дана Жексенбекқызы:

— Заман  дамыған сайын есірткінің де түрлері өзгеріп, адамзатты улап барады. Әсіресе жастарды балға жиналған арадай қызықтырып, санасы мен ағзасын улап жатқан синтетикалық есірткі. Бұл – қазіргі ғасыр дерті. Соңғы уақытта тым көбейіп, жастардың осыған әуестеніп бара жатқаны барлығымызды да алаңдатады. Заңды тұрғыда қанша тосқауыл қойылып, жолын кессе де, түбегейлі тамырымен жойып жіберу қиынға соғып тұр.

Есірткі саудасымен айналысатын қылмыскерлер күллі адамзаттың қас-жауы деп айтуға болады. Біз мұндай кеселдерден аулақ болып, еліміздің басты бағыты — білім-ғылым, салауатты өмір салтын ұстануымыз керек. Ғасыр індетімен күресу, оның жайылуына қарсы тұру біздің азаматтық міндетіміз. Сондықтан, құрметті менің замандастарым, жастар, біз әр уақытта таза, салауатты өмір жолымен жүріп, ел мүддесін, халық аманатын арқалау біздің борышымыз екенін естен шығармауымыз керек.

Айта кететін маңызды ақпарат осы бағыт аясында кешенді жобалар әзірленіп, нашақорлықтың алдын алуға арналған жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, кешкі Рейд қорытындысының статистикалық ақпараттары бойынша Жетісу облысының 8 аудан, 2 қаласында 2000-ға жуық адамның қатысуымен 4000-нан аса брошюра таратылды. 70 орталық алаңдарда, 43 саябақтарда, 166 дүкендерде, 20 сауда кешендерінде, 80 кафелерде ақпарат таратылып, рейд жүргізілді.

Осы орайда менің сіздерге айтар ұсынысым бар. Яғни, нашақорлыққа байланысты кешенді жоспарлар әзірлеуден бөлек осы бағытта жұмыс істейтін белсенділер тобын құру. Себебі активистер әлеуметтік желілерде, атап айтсақ телеграм, инстаграм парақшаларда синтетикалық есірткі туралы ақпараттардың таралуын болдармауға  септігін тигізеді.

Сондай-ақ, есірткіге қарсы «нашақорлықтың салдары» тақырыбында арнайы видеороликтер түсіріп, жастар арасында кеңінен таратуды қолға алсақ. Сол арқылы қоғамға үздіксіз пайдамызды тигіземіз деген ойдамын,- деді. 

 

 

 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ ҚҰНЫ 152 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ 62 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 1 100 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛҒА ҚҰРЫЛЫС-ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРЕДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *