1917 жылдары Қазан төңкерісіне дейін Ақмола (қазіргі Астана) өзінің ыңғайлы орналасуының арқасында сауда орталығына айналды. Қала Петропавл-Ташкент-Қашғар керуен жолының түйіскен жерінде тұрды. Мұнда сол уақытта күзде және көктемде ылғыи ірі жәрмеңкелер өтті. Біз сіздермен бүгін Қазақстанның тұңғыш кондитері Баймұхамбет Қосшығұловтың — табысты кәсібімен оның дәмді тәттілер шығарған фабрикасының Ресей империясының құрметті атағына қалай ие болған тарихын қарастыратын боламыз.
Баймұхамбет Қосшығұлов «Қосшығұловтар» әулеттің негізін салған. Баймұқамбет Қараөткелдің кедей-жатақтарының арасынан көтерілген жетім жігіт, кейін татар көпесі асырап алып, оқытып жеткізеді. Жастайынан әр іске ынталы бала оқуын аяқтаған соң, ол кәсібін ресейлік және орта азиялық нарықтарға жеткізілетін ұн диірменінен бастады. Сол кезде Ақмола ұны Еуразияда үздік деп саналды. Қараөткелдің қазағы да, орысы да қайрымдылығына, қарапайымдылығына қарай Баймұқамбет демей Байкөп атандырған көпес 1890 жылы Қараөткелдің тура ортасында қазына қаржысына «Керуен сарай», орысша «Гостиный двор» (кейде «зеленые ряды» делінеді, дүкен есіктері жасыл боямен боялған себепті) бір қабатты екі корпустан құралаған сауда ғимаратын салады. Бүгінгімен салыстырсақ сол кездегі елге жасаған әсері қазіргі «Хан шатыры» сияқты болса керек. Керуен сарайда 72 ірі дүкен және 10 ұсақ сауда лавкалары ашылды, бұл кезде қала саудасының ішкі айналымы 1,5 миллион рубльге жеткен еді. Керуен сарайдың алдында аттар мен түйелерді байлайтын керме орнатылды. Шойын бағаналарға сүйенген күнқағарлар, кириллица мен араб жазуымен жазылған дүкен атаулары, жарнамалар Керуен сарайдың кіре берісіне көрік беріп тұрды. Совет заманында бұл ғимарат ЦУМ аталды, қазір тәуеліздік кезеңінде «Сине Темпоре» аталады. Қосшығұловтардың бұдан басқа да үш үлкен дүкені болды. Жергілікті қазақтар «Тас дүкені» дейтін атақты сауда орыны осы Байкөп Қосшығұловтардан қалған ескерткіш.
«Қосшығұловтардың кәмпит-тоқаш» фабрикасы қазақ жеріндегі алғашқы дайын өнім шығаратын кәсіпорын болды. Осы фабрикадан шыққан шоколадтарды, мұз кәмпиттерді (мәмпәси), печеньенің сан алуан түрлері мен зефирлер патша сарайының дастарханының сәнін келтірген. Қараөткелдің ортасында ат шаптырым жерге орналасқан екі қабатты, қызыл кірпіштен салынған Қосшығұловтардың фабрикасы қала жұртының, әсіресе қазақ азаматтарының мақтанышы болды. Олар фабрикамен де шектелмеді, сол кезеңде қазақ жеріне жаңа еніп жатқан шетелдік «Зингер», «Саламандра», «Якорь» сияқты ірі компаниялармен одақтасты, олардың өндірістеріне капитал салады. Баймұқамбеттің өзі 1918 жылы азамат соғысының кезінде холера ауруынан қайтыс болады. Әкесі дүниеден өткен соң әулеттің шаруашылық жұмыстарын Байкөптің үлкен ұлы Құрманғали басқарады және ол Қараөткелге алғашқы автоны алып келеді. Қараөткелде алғашқы автомобиль сөз болғанда көбінесе В.М.Кубрин аты аталады. А.Ф.Дубицкий В.М.Кубринмен қатар алғашқы автомобильдердің біріне ие болған деп жазды фотограф К.П.Шахов. Ал осы автомобильдердің Қараөткелге қалай келгенін, оны кім алып келгенін ешқайсы да айтпайды. Тек қана соңғы жылдары «Инфо-Цес» апталығында жарияланған Ерлан Күзекбаевтың мақаласында В.М.Кубриннің автомобилін Құрманғали Қосшығұлов әкелді деген мәлімет бар.
Құрманғали Санкт-Петербургтегі учетно-кооперативный институтының сауда экономикасы мамандығы бойынша оқыды. Бұл жағынан біз Құрманғали Қосшығұловты қазақтың алғашқы жоғары білімді экономист мамандарының қатарына қосуға толық құқығымыз бар. Құрманғали автомобильді алғаш рет Санкт-Петербургте көреді. Ол кезде Мәскеу мен Санкт-Петербург сияқты қалалардың өзінде автокөлік таңсық болатын. Құрманғали өзі сияқты талапты студенттермен бірге автомобильді жүргізуді бірінші үйренушілердің ішінде болды. Тағы бір ескертетін мәселе Құрманғали біз сияқты автомобильдің рөлін ұстағанға мәз болған жоқ, ол оның қалай жүретінін, тетіктерін қалай жөндеу керек екенін зерттеді. Осының дәлелі студент кезінде-ақ Құрманғалидың Ресейдегі алғашқы автожарыстарға қатысқандығы және бәйгеге тігілген американ автокөлігін ұтып алуы.
Құрманғали 1900 жылдардың басында Қараөткелге Санкт-Петербургтен автомобильге мініп келеді. Бұл жұрт керемет таң қалған оқиға болды. Қазіргі күні біз біреу Айға барып, сол жақтан луноходқа мініп келді дегенге қалай таң қалсақ, бұл да солай болған болар. Американ автосына қызығушылардың ішінде қаланың ең бай адамдарының бірі Василий Матвеевич Кубрин де бар еді. Құрманғали қаланың бай және ықпалды азаматының өтінішін жерде қалдырған жоқ, автомобильді сатты, сонымен бірге енді автомобиль сату шаруасын ұйымдастыруға кірісіп кетті. Автомобиль мәселесі оңай болмайтын, алғашқы бетте тек сату ғана емес, сонымен бірге автомбильде жүргізуді үйрету де, оның жөндеу жұмыстары да Құрманғалидың мойнында болды. Құрманғали Қосшығұлов автомобиль сатумен шектелген жоқ, ол 1913 жылы қазақ жерінде тұңғыш автомобиль шығаратын зауыт салу ісіне кірісті. Осы жылы оның шақыруымен Германиядан бір топ инженерлер мен құрылысшылар келіп болашақ зауыттың құрылысына қатысты мәселелер талқыға түсіпті.
Қосшығұловтар әулетінің бір өкілі Бекмұхамбет өзінің естеліктерінде неміс инженерлері толып жатқан чертеждермен келгенін, олардың кейбіреуінің ұзындығы 1,5 метр, ені 1 метр, қалыңдығы 30 сантиметр кітапша түрінде болғанын, осыны көріп өзінің таң қалғанын айтқан.
Қазақ арасында біз саудаға бейім халық емеспіз деген ұғым қалыптасқан. Оның себебін кейбір бауырларымыз көшпелі өмір салтынан, жалқаулығымыздан, не табиғи кеңдігімізден іздейді. Бұл ешқандай тарихи негізі жоқ бос әңгіме екенінің бір дәлелі біздің кейіпкеріміз көпес болған Баймұхамбет Қосшығұлов.
Ақпарат » Кәсіпкерлік және Бизнес негіздері» пәні оқулығынан алынды..
» ТАРИХИ КЕЙС »
Қобланды АБЕНОВ
Comments