«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында майдангер аталарымызға құрмет көрсету кездесулерін жалғастыруда. Бейбіт өмірімізді сақтауға, азаттығымызды қорғауға, жарқын болашағымыз үшін кепіл болуға жанқиярлық еңбек еткен Жеңіс солдаттарының ерен ерлігі – ұрпаққа мәңгілік мұра.
Партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Сайрам ауданына арнайы барып, Қарабұлақ ауылының байырғы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаевты келе жатқан Жеңіс мерекесімен құттықтап, ежелгінің салтымен қарияның иығына шапан жапты. «Жеңіс жауынгеріне құрмет көрсету арқылы аталарымыздың батырлық пен өрлік қасиетіне алғысымызды білдіріп, олардың елжанды қадір-қасиеті мен Отаншылдық рухына тағзым етеміз»,-деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Биыл 98 жасты бағындыратын Ахмаджан ақсақал бүкіл ауыл-аймақты айрандай ұйытып, береке-бірлікке шақырып отырған ел сыйлайтын шежірелі қарияға айналған. Қарияның бойынан мәрттік болмыс, ерлік қасиет, тектіліктің ізі білінеді. Осыдан дәл 80 жыл бұрын, 1944 жылдың 5 мамырында 18 жасқа әлі тола қоймаған бозбала Сайрам аудандық әскери комиссариаттың шақыртуымен әскер қатарына алынады. Өзі қатарлы замандастарымен 64-інші атқыштар полкының қатардағы жауынгері сапында Польша мен Германияны азат ету шайқастарына қатысады. Ұрыс қимылдарындағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен наградталған. Әскер қатарынан туған еліне 1949 жылы оралып, зейнеткерлікке шыққанға дейін табан аудармай Қарабұлақ ауылындағы ұжымшарда еңбек еткен.
Партиямыз аға буынның ерлігі мен еңбегін ұрпақтар жадында мәңгі сақталуы үшін «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын іске асырады. Жеңіс мерекесі шеңберіндегі ардагерлермен құттықтау кездесулеріміз халқымыздың даңқты өткенін еске салып, жасампаз келешегі үшін қызмет етеді деген сенімдеміз. Ұрпақтар сабақтастығы дәстүрі осылайша жалғасын тауып, дәуір дарабоздарының есімдерін ұрпақтар жадында мәңгілікке жаңғыртады деп пайымдаймыз.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Comments