«AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында 2024 жылы облыс көлемінде «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 29 білім ұясы пайдалануға берілмек.
Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Бүгінгі таңда «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерге жергілікті өндірушілердің жиһаздарын қолдану, сонымен бірге, мектептерді білікті кадрлармен қамту шаралары бақылауда тұр.
Қазіргі таңда, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ операторларымен техникалық шарттары алынған. Жоспарлы жұмыс 2024 жылғы 1 тамызға дейін толық іске асырылмақ. Жауапты басқармалар тарапынан тиісті ұсыныстар беріліп, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 млрд. теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы биыл қыркүйек айында бөлінбек.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 жылдарға ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі ескерілмек.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Comments