Қиындықта көмектесу-бұл қазақ халқының асыл қасиеті. Әлем халқының, Қазақстан жұртшылығының басына осындай қиын кезең тап болғанда халқымыз жұдырықтай жұмылып, материалдық көмектен бөлек қол көмегін де аянып қалмайды. Оңтүстік өңірі де талай қиндықты бастан кешірді. Арыстағы жарылыстан бөлек, Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылды су басып, тұрғын-жайлар жарамсыз болып қалды. Аймақ тұрғындары дәл қазіргідей еліміздің бірнеше өңірін су басып қиындыққа тап болғандай жағдайға душар болды. Міне сол кездері еліміздің барлық аймағынан ағылған көмек жабырқаулы жұрттың көз жасын сүртіп, еңсесін тіктеуіне бірден бір себеп болған-ды.
Өкінішке орай, қазір еліміздің бірнеше аймағында су тасқыны орын алып, алаңсыз отырған аймақ тұрғындары ауыр зардаптарды шегіп жатыр. Еліміздің билік өкілдері мен мандат иелерінен бөлек өзге өңірлерлердің халқы да қиындыққа тап болған жұртшылықтың жанынан табылуда. Солардың қатарында Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылар тобы еліміздің Солтүстік өңірлеріне барып, қарғын судың алдын алу жұмыстарына кірісіп кетті. Кәсіби мамандардан құралған топ тасқын қаупі жоғары Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Тайынша және Тимирязев аудандарында жұмыс жүргізбек. Қазіргі таңда құтқарушылар су тақынының алдын алу және бақылау жұмыстарын атқарып жатыр. Бүгінде Түркістан өңірінен 54 құтқарушы, 14 техника жіберілді. Одан өзге 15 мотопомпа, 2 қайық, 16 портативті радиостанция, 2 спутниктік телефон, 5 шатыр, 50 төсек автономды жұмыс істеуге толық дайын.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан өңірінен Ақтөбе облысына гуманитарлық көмек және еріктілер тобы жіберілген болатын. Міне, бүгін қарғын судан зардап шеккен ауылдарға Жетісай жұртшылығынан жиналған көмек керуені жолға шыққалы тұр. «AMANAT» партиясының және жергілікті биліктің қолдауымен жетісайлық ағайындар Ақтөбе облысының су басқан аймақтарының тұрғындарына азық-түлік өнімдерімен бірге жылы киімдер, төсеніштер, күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды жібермек. Күшіміз бірлікте, қолдау шаралары облысымыздың барлық аймағында әлі де жалғасып жатыр.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
ЖҰРТ ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛЫП ЖАТЫР

Comments