Көтерілген мәселе бойынша Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы Жолдасов жауап беріп, жергілікті атқарушы органдарда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу және жою жұмыстарының барысын баяндады. Тұрғындарға ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің жекелеген салаларында тәуекелдерді анықтау, олар бойынша орнықты қоғамдық бақылау жүйесін түзу арқылы ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімде адами факторды мейлінше төмендетуде қызметтерді автоматтандыру бағытында кешенді жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді. Түркістан облысының әкімі бұл бағытта орнықты ұстаным білдіріп отырғанына тоқталып, өңірдің білім беру жүйесін жемқорлықтан тазартуда ауқымды жұмыс қолға алынғанын жеткізді.
Жұмыс жиынына онлайн форматта қатысқан елімізге белгілі ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы, «Agroholding QAZYNA» басқармасының төрағасы Алмасбек Садырбаев өзіне келіп жатқан Түркістан облысы тұрғындарының жер мәселесіне қатысты шағымдарын жеткізді. Олардың қатарында Сауран, Сайрам, Сарыағаш аудандарының жекелеген тұрғындарының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлеріне қатысты орын алып жатқан заңсыздықтарды айтып, жергілікті атқарушы органдардың қызметіне құқықтық баға беру керектігіне тоқталды. Бұл мәселелер партияның Орталық аппаратының бақылауына алынды.
Республикалық кеңестің көшпелі мәжілісіне сондай-ақ, жергілікті қоғам белсенділері санатында құқық қорғаушы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Айгүл Орынбек, «Жемқорлық және заң» газетінің бас редакторы Қаламқас Ботабекова қатысып, жергілікті қоғамдастықтың назарына іліккен мәселелер жөнінде өзіндік ойларын білдірді…
Comments