Биыл Түркістан облысында 34 мешіттің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы орайда тәуелсіздік күні қарсаңында Төлеби ауданында жаңа мешіт пайдалануға берілді. Қасиетті жұма күні барша игі мұсылмандарға есігін айқара ашқан мешітті жеке кәсіпкер Әнуар Сақұлы өз қаржысы есебінен тұрғызып, ел игілігіне пайдалануға берді.
Қорған ауылындағы «Сәдірбай қажы» мешітінің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, ҚМДБ Түркістан облысының бас имамы Ержан қажы Сматұлы қатысып, жинылғандарды мейірімділік мекені, руханияттың ортасының ашылуымен құттықтады.
Ел ағалары мешітті тұрғызып, оны халықтың игілігіне берген азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ жаңа мешіттің ашылу салтанатында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақсақалдар сөз сөйлеп, бата беріп, ауыл халқы кәсіпкерге шапан жауып, ат мінгізді.
Жалпы ауданда 63 мешіт бар. Бүгін ел игілігіне берілген алпыс төртінші мешітте 100 адам еркін бір мезгілде намаз оқып, ғибадатын өтей алады. «Сәдірбай қажы» мешіті намаз залынан бөлек, дәрісхана, имамдар бөлмесі мен Құран оқу бөлмесі, ерлер және әйелдер дәретханасымен қамтылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments