Әлемдік еңбек нарығының босаңсуды көтермейтін, аса қырағылықты талап ететін бір бағыты – ол жұмыссыздықпен күрес мәселесі. Жұмыссыздық – елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың бір бөлігі өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмай дағдаратын әлеуметтік-экономикалық құбылыс болып саналады. Кез келген қоғамдағы экономикалық даму барысында тұтыну тауарларының сұранымы құрылымында және өндіріс технологиясында маңызды өзгерістер болады. Бұл өзгерістер өз кезегінде жұмыс күшіне жалпы сұранымның құрылымын да өзгертеді. Осындай өзгерістерге байланысты кәсіптердің кейбір түрлері азаяды не қысқарады‚ ал басқа бір түрлері көбейеді. Қоғамдағы жұмыссыздықтың пайда болу себебі жұмыс күшінің осы өзгерістерге баяу ыңғайланатындығына және оның құрылымының нақты жұмыс орнына сай келмейтіндігіне байланысты болады. Жұмыссыздық – барлық қоғамда болып тұратын құбылыс екені сөзсіз. Бүгінгі күні біздің елімізде түрлі себепке байланысты екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандардың қатары біршама баршылық екені белгілі және жұмыс іздеген жандар үшін қашан да өзекті мәселе болып қала бермек. Қазіргі таңда біздің елімізде жұмыссыздықты жою мақсатында көптеген мәселелер қарастырылып жатыр. Жоғарыда аталған шешуі табылмаған, елдің әлеуметтік әл-ауқатына ерекше әсер ететін, жұмыссыздық мәселесін ескерген мемлекет басшысы өзінің ұдайы бақылауында ұстайды. Жыл сайынғы жолдауларында ел болып күресетін проблемаларды нақтылап және алдын алумен шешу кезіндегі нақты басым бағыттарын атап көрсетті.
Бүгін ағымдағы жылдың қыркүйек айының 25 күні Жетісу облысы Кәсіпкерлер Палатасының Көксу – Қаратал аудандары филиалдарының директоры Фархат Құсайыновтың, Көксу ауданы «Мәнсәп орталығы» директоры Айдын Жүнісовтың, аудан бойынша елді жұмыспен қамтып отырған кәсіп иелерінің қатысуымен өткен баршамызды толғандыратын әлеуметтік сипаттағы мәселе жұмыссыздықты азайту мақсатында «Аймақтағы жұмыс берушілермен ынтымақтастықты құру» тақырыбындағы аудандық мәнсәп орталығы ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті.
Аудандық Кәсіпкерлер Палата директоры Құсайынов Фархат:
— Болашақта біз президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы айтқандай тек орталықтан түсетін бюджет қаражатына емес, бизнес пен кәсіпкерлік саласынан түсетін табысқа сенуіміз керек. Өнеркәсіптерді құруға басымдық беріліп, халықты кәсіпкерлікке тартып, жаңа кәсіпорындар ашуды басты назарда ұстасақ мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудағы басты көрсеткіштердің бірі болмақ», –- десе,
Көксу ауданы «Мәнсәп орталығы» директоры Айдын Жүнісов:
— Тұрғындар өз қалауларына сай жұмысты орталыққа келіп немесе Enbek.kz тіркеліп таба алады. Мансап орталықтары арқылы әрбір тұтынушыға келесі қызметтер көрсетеді:
Азаматтарға :
Мемлекеттік гранттар (400 АЕК); «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары; Мүгедектігі бар жандарға арналған арнайы жұмыс орындары; Қолайлы бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу; Кәсіптік оқыту, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау; Әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар; Жастар практикасы; Микрокредит беру бойынша консультациялар; Атаулы әлеуметтік көмекті алуға;
Жұмыс берушілерге:
Жұмыс берушілер үшін кадрларды іріктеу; Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқыту; Жұмыс орындарын құруды мемлекет тарапынан субсидиялау;
Тағы бір айта кететін жайт бүгінде еңбек нарығында ең көп сұраныстағы мамандықтар: құрылыс, сауда, білім және денсаулық сақтау салалары, -деді.
Comments