Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай альпинистер «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Түркістан» деп аталатын тау шыңына тақтайша орнатты.
Бұл бастама Түркістан облыстың мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің ұйымдастыруымен өткен «Түркістан таулары» экотуристік фестивалі аясында жүзеге асырылды.
«Ontustik Alpinism» альпинизм федерациясының жетекшісі Тарас Моисеев бастаған альпинистер тобы Батыс Тянь-Шань сілемдерінде (Өгем жотасы) орналасқан 3700 метр биіктіктегі «Түркістан» шыңын бағындырды. Аталған федерация тау туризмін дамыту бағытында кәсіби түрде айналысады.
Сондай-ақ, альпинистер тауға көтерілгеннен кейін видео-сәлемдеме жолдап, тарихи сәттің әсерімен бөлісті. Олар Түркістан облысының әкімдігі сыйлаған мүмкіндіктің маңызы зор екенін атап өтіп, мұндай шараларға белсене қатысатындарын жеткізді.
Еске салсақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев фестивальдің ашылу салтанатында таудың шыңына орнатылатын тақтайшаны ұсынған болатын.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Comments