Түркістан облысының Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылы округінің тұрғындарына қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» оқу семинары өтті. Пилоттық жоба аясындағы өткен оқыту семинарына 70-ке жуық ауыл тұрғыны қатысты.
Қаржы сарапшысы Жандос Әзімбай курсқа қатысушыларға қаражатты қалай жұмсау керектігі жайында толық ақпарат берді. Өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажеттігі үйретілді.
Оларға ел экономикасын арттыруда халықтың атқарар рөлі маңызды екені, сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қаржылық сауаттылығын арттыру аса қажеттілік тудырып отырғаны түсіндірілді. Мамандар семинарға қатысушыларға қаржыны игеру, аса қажеттілік болмаса несиеге ұрына бермеу жайында жан-жақты дәйекті деректермен, мысалдармен жеткізді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Үмбеталиев қаржылық сауаттылық сабақтарынан білімін арттырған ауыл тұрғындарына сертификат табыс етті.
«Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырады. Тұрғындардың қарыз ауыртпалық мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам адам кем дегенде бір несиесін кешіктіріп отыр. Сол себепті қаржылық сауаттылық бойынша алған білімдеріңіз өздеріңізге тиімді қызмет етсін», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Шорнақ бастауыш партия ұйымының төрағасы Баймахан Сүлейменов білімін жетілдірген тұрғындарға алдағы уақытта та ұрпаққа үлгі боларлықтай сауат арттыруды жалғастырып, қарызсыз қоғамды қалыптастыру барысында айналасына үлгі болып, білгенін өзгелермен бөлісіп жүру қажеттігін атап өтті.
Қараша айына дейін жалғасатын осынау жобаға кез келген тұрғын қатыса алады. «Қарызсыз қоғам» оқу семинарына қатысқысы келетіндер тұрғылықты жерде орналасқан «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласып, тіркелуі қажет.
Comments