14 наурыз – Көрісу күні мерекесі. Шымкентте мереке «Астана» алаңынан басталды. Онда қыстан шыққан жұртшылық бір-бірімен аман-саулық сұрасып, төс қағыстырды.
Қаланың айшықты жері Абай саябағында да Шымкент-Цирк, Абай атындағы қалалық орталық кітапхана, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі мекемелері көрісіп, әннен шашу шашып, дәмнен ауыз тиді. Жиналған қауымның көңіл-күйі ерекше. Ұлы Абай айтқандай, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» мәре-сәре болысты. Ұлттық киім киген, домбырасын асынған көпшілік қала тұрғындарына мерекені сезіндірді.
– Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымы мол. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі – жаңару мен жасампаздықтың, ырыc пен берекенің бастауы, – дейді қала тұрғыны Мақсат Әмірбеков.
«Шымкент келбеті»
Comments