Әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке кеңінен танылған имам, дінтанушы, теолог Нұрлан қажы Байжігітұлы бүгін «FARAB» әмбебап-ғылыми кітапханасында түркістандық жастармен кездесті.
Жастарды имандылыққа, отансүйгіштікке шақырған рухани құндылығы мол жиынды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і ұйымдастырды.
Кездесуде ел бірлігі, ата-баба дәстүрі, қасиетті Ислам дінінің құндылықтары туралы әсерлі әңгіме өрбіді. Сондай-ақ егеменді елдің болашағы – жастардың тәрбиесі, имандылық, үлкенге құрмет, кішіге қызмет, жат ағым зардабы тақырыбында ой қозғап, ұлағатты насихат айтылды, бірқатар сұрақтарға жауап берілді.
Нұрлан имам жастар арасында TikTok желісі арқылы танылып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, отбасылық құндылықтарды насихаттап жүрген имам. Дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу арқылы желідегі жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, сан түрлі сауалдарына жауап беріп жүрген оның айтқандары бүгінде ел аузында. Ол жастардың санасын жақсы жаққа бұру мақсатында әлеуметтік желілерге, оның ішінде TikTok-қа тіркелуіне қазіргі балалар мен жасөспірімдердің іс-әрекеті, тәрбиесі себеп болған екендігін әлеуметтік желілерде жасырмай айтып та жүр.
«Қазақстандағы барлық мешіттерде біздің имамдар ел аман болсын, халық, жастар аман болсын деп үнемі дұға жасайды. Сол дұғалардың біреуі болмаса, біреуі қабыл болып жатады. Соның шарапатының арқасында сіздердің жүректеріңізде иман және отбасыға, Отанға, қызметке деген құрмет бар. Бес уақыт намазың болса, тілің арам сөздер сөйлемесе, көзің адалға қараса, иманыңның берік болғаны. Біз Аллаға аузымыздан шыққан сөзбен емес, жүректен шыққан сөзімізбен, шынайы әрекеттерімізбен ғана жақын бола аламыз. Сіз бен бізге берілген ұлы қасиет ол сөйлеген сөзіңе ие болу, артық сөйлемеу. Мұсылманның ең жақсысы — қолымен немесе тілімен ешкімге зиян келтірмегендері. «Басқа пәле тілден» деп өткен ата-бабаларымыз аңдап сөйлеуді, тілді талдап қимылдатуды үйреткен. Бұл қасиет дәстүрге, шариғат шартына байланады. Атамыз қазақ балаларын қарғыс алмай, алғыс алуға тәрбиелейтіні де осыдан», — деді Нұрлан имам.
Кездесу-сұхбат барысында сауал-жауап форматы да қызықты өтті. Жиында жастарға ата-ананы құрметтеу жайлы шариғат талабына сай діни тұрғыда ақыл-кеңестер айтылды. Имам Ислам дінінің жастарымызды мүлтіксіз тәрбиеге апаратын жол екендігін және ізгі амалдарға жетелейтін асыл қазына екендігін түсіндірді. Өз кезегінде адамгершілік қағидаларға негізделген хақ дініміз бен біздің ата-дәстүрлеріміз сабақтасып жатқандығын білдірді. Сондай-ақ, қазақ ұлтының дәстүрі дінмен тамаша үйлесім табу арқылы саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда ерекше рөлге ие болатынын жеткізді.
Танымал имам жастарды білімді болуға шақырды және спортпен жүйелі түрде шұғылданып, зор табысқа жетіп, еліміздің абыройын асқақтата берулеріне тілектестік білдірді.
Шара соңында түркістандық жастар имамға алғысын айтып, ұстаздық жолына сәттілік тіледі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Comments