Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытындағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде шаһардың инвестициялық климаты жақсарып келеді. Соңғы 5 жылда қалаға тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өсіп, былтыр 304 млрд. теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Тұрғындармен кездесуде Дархан Сатыбалды атқарылған жұмыстарға тоқталды, алдағы жобаларды жүзеге асыруда елдің пікірі маңызды екенін жеткізді.
– Мемлекет басшылығының қолдауымен 4 жарым жылда Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып, жобалар жүзеге асты. Оны көріп, біліп жүрсіздер. Дегенмен облыс халқының 80 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан біз алдағы уақытта ауылдарды дамытуға да басымдық береміз. Ал Түркістанды дамыту жұмысы өз жалғасын табады. Индустриалды аймақты және арнайы экономикалық аймақтың жұмысын күшейтеміз. Өндіріс орындарын көбейту арқылы ғана ел әлеуеті артады. Біз келісіп алуымыз керек. Бірінші елге не керек? Ауыз су ма, әлде әлеуметтік нысан ба? Бірінші кезекте тез шешуді талап ететін мәселелер шешілуі керек. Бұл ретте сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Осындай кездесулердегі ұсыныстар толық зерделенеді, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі аз уақытта Түркістан қаласында мәдени-спорттық, туристік және өзге де ғимараттар салынғанын, қала жаңа өрлеу дәуірін бастан өткеріп жатқанына тоқталды. Нәтижесінде халық саны да артып, қосымша мектептер қажеттілігі артуда. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын жеткізді. Оның ішінде 3 мектеп 2 мың орындық болады. Екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ.
– Біз білім саласын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Осы сала реттеліп, білімді жастар өссе, өзге мәселелер де шешіледі, – деген өңір басшысы басқа да жұмыстарға тоқталды.
Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Түркістан қаласы бойынша былтыр 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 675-і – тұрақты жұмыс. Ұлттық жобалар бойынша биыл 5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан былтыр Ыстамбул және Кувейт бағытына тікелей рейстер ашылды. Қазіргі уақытта Мәскеу, Анталья, Дубай, Тбилиси, Ташкент және Самарқандқа рейстер ашуға ұсыныс берілген. Астана мен Алматыға рейстер санын көбейту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жұмыстар нәтижесінде 2018 жылмен салыстырғанда Түркістанға келушілер мен туристер саны 4 есе артқан.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments