Шымкенттік жолаушыларға қалада 10 автопаркте 1000-ға жуық қоғамдық көлік пен 3 мың қызметкер күнделікті қызмет көрсетеді. Осы автобустардың 600-і жанармай ретінде экологиялық таза газ-метанды қолданады.
Қоғамдық көліктерді газбен қамту үшін бүгінде 2 газ станциясы үздіксіз қызмет көрсетуде. Одан бөлек тағы бір станцияның құрылысы жүріп жатыр.
Қала тұрғындарына қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында «Диспетчерлік қызмет орталығы» жұмыс істейді. Мекеме GPS арқылы мониторинг жүргізіп, жүргізушілер тарапынан жіберілген олқылықтар мен автобустардың өз ретінен кешігуі секілді жағдайларды анықтап, шұғыл түрде тиісті шаралар қолданады. Нәтижесінде, бұл қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасының жақсаруына септігін тигізіп отыр.
Сондай-ақ, автобустардың қозғалысы туралы онлайн хабардар ететін «I-Kolik» мобильді қосымшасының да қолданысы кеңейген. Шымкентте бүгінде қосымшаны «PlayMarket» және «App store» арқылы жүктеген қолданушылар саны 200 мыңнан асты.
Қазіргі таңда Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді сызба нұсқасы бекітілген. Сызбаға сәйкес, 78 бағытта қоғамдық көліктер жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. Ал әлеуметтік мәні бар маршруттардың тізімімен 75 бағыт айкындалып, олар субсидия арқылы қала аумағын, сонымен қатар шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандар мен тұрғын алабтарды қоғамдық көлікпен қамтиды.
«Шымкент келбеті»
Comments