Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Этносаралық қатынастар және ұлт бірлігін нығайту мәселелері» тақырыбында ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Мазмұнды жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Ахымбетов модераторлық етті.
Конференцияға ҚР Парламент Сенаты Төрағасының кеңесшісі, Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саясаттану ғылымдарының докторы Жомарт Құдайбергенұлы қатысып, тұшымды баяндама жасады.
Сонымен қатар, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ қарасты республикалық «Достық үйі» қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Нұрсәуле Әбдіқадырқызы, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов, «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС-ның Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Аяулым Сағынбаева пікірлерін ортаға салып, елдікті нығайту төңірегінде ой қозғады.
Келелі жиында елдегі этносаралық қатынастар мен ұлттық бірлік, қоғамды тың идеялар төңірегіне ұйыстыру тақырыптарында тағылымды пікірлер айтылды. Бұдан бөлек, біртұтас, бәсекеге қабілетті Жаңа Қазақстанды қалыптастыру мәселелері талқыға салынды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Comments