АймақӘлеуметЖаңалықтар

Ауыл жайын айтайық: Ұлытаудағы Ақтас кентіне жол салынуда

 

Еліміздегі шағын ауылдар мен кенттердің дамуы кенжелеп, санда бар болғанымен сапада назардан тыс қалатыны жасырын емес. Былтырғы жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен халықтың тікелей сайлауымен ауыл әкімі тізгінін басқарған жаңа да жас лауазым иелерінің жыл ішінде атқарған еңбегінің нәтижесі мен сайлауалды бағдарламаларының орындалуындағы қарқынның көрсеткіші енді ғана өз деңгейін көрсететін кезең. 

Кеше Ұлытау облысындағы Ақтас кентінің әкімі Дулат Сүлейменов жыл көлемінде атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша халық алдында есеп берді. Ақтас және Пионер елдімекендерінен тұратын кенттегі жалпы халық саны – 331 адам. Облыс орталығынан 145, аудан орталығынан 160 шақырым қашықтықта жатқан Ақтас кентінің негізі күн көріс көзі ауыл және малшаруашылығы саласы. Өзімен-өзі бұйығы тіршілік етіп отырған қос елдімекенді бұған дейін жол, ауыз су, жарық, байланыс жүйесі сынды ауқымды мәселелер толғандырып келсе, күрмеуі қиын мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін таба бастаған.

Кент аумағындағы жолдың жалпы ұзындығы 25 км құрайды. Оның ішінде Ақтас – Пионер елдімекендерінің арақашықтығы — 20 км, Пионер бөлімшесінен «Жезді-Қоскөл» көтерме жолына қосылатын арақашықтық -5 км. Осы орайда, қос елдімекенді жалғайтын күре жол мен көтерме жолдарға қосылатын аумақтарға  жол салу және сайларға су ағар салу үшін 2022-2023 жылдарға 157 мил теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп күтілуде. Жол құрылысын «Астана технадзор» ЖШС мердігер компаниясы жүргізуде. Бұған дейін шаңдатып жол азабын тартқан тұрғындарды аудан орталығы мен көрші ауылға қатынайтын байланыстың жақсаруы ақжолтай жаңалық. Бұл бастамаға тұрғындар да дән риза. Сондай-ақ, Ауыл халқының жайлы күнкөрісі үшін әлеуметтік саламен қатар жол, ауыз су мәселесінің де маңызы зор.

Ақтас — Пионер ауыз су құбырлары  жерасты арқылы тартылған. Ақтас кенті — 3 км, Пионер бөлімшесі-2,5 км, жалпы қашықтығы — 5,5 шақырымды құрайды. Қазіргі таңға дейін, Ақтас кентіндегі 14 тұрғын үйге, Пионер бөлімшесінде 8 отбасыға ауыз су жүйесі кіргізілген.

Ағымдағы жылы Ақтас — Пионер елдімекендерін ауыз сумен толықтай әрі сапалы қамтамасыз ету мақсатында «Жезбұлақ» КГП мен келісім-шарт жасалып, келер жылы аяқталады деп жоспарланған.

Ақтас кенті мен Пионер елдімекенін дамыту бағытында атқарылып жатқан барлық саладағы жұмыстар мен алдағы жоспарларымен бөліскен кент әкімі Дулат Дүйсенбекұлы ауыл және малшаруашылығындағы бірқатар мәселелерге де тоқталды.

«Ауыл халқының негізгі кәсібі егіншілік пен мал шаруашылығы болғандықтан, диқандарының өнімді еңбегінің арқасында биылғы жылғы өнім күтілген нәтежеден 1,5 есе жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Нәтижесінде, 2022 жылдың тамыз — қыркүйек айларында Пионер ауылының Ұлытау селосында төрт рет  ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындар мен көршілес аудандарға арзандатылған бағада сатылды. Сондай-ақ, малшаруашылығын дамыту мақсатында құрылған шаруа қожалықтарының саны да артып келеді. Биыл ірі қара және асыл тұқымды мал санын көбейтетін қожалықтардың саны кент бойынша 24-ке жетті»,-деді Дулат Сүлейменов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойғаны баршаңызға мәлім. Ақтас кентінің әкімі бұл бастаманы ауыл халқы зор қуанышпен қабылдағанын айтады.

«Расында да қордаланған, мәселенің күрделі жібі шешуге қиын жағдайлар жеткілікті. Тіпті, ұялы байланыс жүйесінің де жоқтығы сауатты да саналы ұрпақтың озық технологиямен білім алуына, ізденуіне қолбайлау екені анық. Халық санының аздығына байланысты ұялы байланыс жүйесі қолжетімсіз.  Бізде әлеуметтік мәселені шешудің алқашқы қадамдары басталды. Әлі алда атқарар шаш етектен»,-деді Дулат Дүйсенбекұлы.

Есепті кездесуге Ұлытау ауданының әкімі А.Мырзабеков, Ұлытау аудандық мәслихатының хатшысы Ахат Құрмансейітов, аудан әкімінің орынбасары М.Оспанов пен білім, ауылшаруашылық, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Басқосу барысында Ұлытау ауданының басшысы тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, әкімшілік пен №12 Ақтас негізгі мектебінің жылу қазандығын, кітапхананың жай-күйімен және жаңадан салынып жатқан жолдың құрылысымен танысты.

 

 

ТҮРКІСТАНДА «ДІНМҰХАМЕД АХМЕТҰЛЫ ҚОНАЕВ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДӘУІРІ» ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАНДА ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖӘНЕ ҰЛТ БІРЛІГІН НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *