Бүгін Түркістан қаласындағы «Бизнеске арналған үкімет» ғимаратында орналасқан «art.clay» ұлттық шеберханасында «Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра» тақырыбында шеберлік сыныптары өткізілді. Іс-шара «Қазақтану» жобасының іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Ұлттық өнерді ұлықтаған шараға өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері және облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
– Түркістан қаласы көне замандардан бері қолөнердің орталығы болған. Бүгінгі шараның басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын этнос өкілдері арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтау. Сонымен қатар аймақта туризмді дамытуға ықпал ету, бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, кәсіп ретінде өрістету болатын. Шеберлік сыныптары ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, бірлігімізді бекемдей түсетіні анық, — деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Е. Баетов.
Шеберлік сыныптарын «art.clay» ұлттық шеберханасының жетекшісі Айбек Шекербеков жүргізді. Саз-балшықтан түрлі пішіндегі құмыралар жасап сататын ол, бүгінде шағын шеберханасын да ашқан. Нәпақасын тауып, осы кәсіпті дамытуға күш салып жүр. Шебердің айтуынша, қолөнерге қажетті саз-балшық Сарыағаш ауданынан алынады, сосын Алматыда арнайы өңделіп, Түркістанға жеткізіледі.
Шара барысында Түркістандағы этникалық топтардың өкілдеріне қолөнер бұйымдары мен олардың жасалу жолдары таныстырылды. Кентау қаласынан келген шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі Асхаб Сайдуллаев қазақтың ұлттық дәстүрлі қолөнерін дәріптеуге ниетті екенін айтады.
– Өзім құрылыс саласының маманы болғандықтан, қазақтың қолөнер бұйымдары маған таңсық емес. Ол жұмыстардан шабыт аламын. Бүгін қолөнердің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибемді арттырып, бірнеше құмыраны өз қолыммен жасадым. Түркістан облысы үшін туризм саласының орны ерекше. Ал туризм дамуы үшін қолөнеріміз де дамуы тиіс. Жаңарған Түркістанда ұлттық қолөнерді ілгерілетуге жағдай жасалғаны қуантады. Алдағы кезде де осылай түрлі алаңдарды ұсына отырып, бұл саланы жаңа деңгейге көтеруіміз керек, — дейді этномәдени бірлестік өкілі.
Шара соңында қатысушылар қолөнер шеберіне алғысын айтып, естелік суретке түсті.
Comments