Қостанайда болған алапат өрт бүкіл елдің қабырғасын қайыстырып отыр. Түркістан облысының барша жұртшылығы үшін де жанкүйзеліс жағдай болды. Тұран топырағын мекен еткен Түркістан облысының қайырымды тұрғындары біртұтас ел екендігін білдіріп, бірауыздан көмек қолын созуды азаматтық парызымыз деп біледі.
Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктер біртұтас елдіктің шынайы үлгісін көрсетіп, Қостанай өңіріндегі ағайынның ауыртпалығын бөлісіп, көп болып көмектесе бастады. Түркістан облысы ҚХА жанындағы барлық этномәдени бірлестік өкілдері жүрек қалауымен әртүрлі азық-түлік, тұрмыстық керек-жарақ заттар мен қаржылай көмек жинап жәрдем етуде.
Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып қайырымдылық жасауға Түркістан облыстық ”Қоғамдық келісім” мекемесі ұжымы және аудандық-қалалық филиалдар қызметкерлері белсенділік танытып отыр. Қостанайлықтарға қорған бола білейік деп, ерікті түрде елдіктің үлгісін көрсетіп, қайырымдылық іс жасап, көмек қолын созған, әлі де көмек беруге ниетті Түркістан облысындағы дүйім жұртқа көп рахмет.
Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктердің қайырымдылық көмегінің алғашқы легін ертең жинастырып, Қостанай өңіріне жөнелтетін боламыз. ”Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген дана халықтың ұрпағымыз. Отқа оранып, қайғы жұтқан Қостанайдағы халыққа қол ұшын созып, сауапты іс жасап, азық-түлік және қаржылай жәрдем берем деуші жүрегі жомарт жандардың қатары сағат сайын артып отыр. Бұл да болса, елдік пен ерліктің шынайы үлгісі.
Барша халықты көмек қолын созуға шақырамыз . Қорқыныштың арты қуанышқа айналсын деп тілейміз!
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы
ТҮРКІСТАНДЫҚ ЭТНОСТАР ҚОСТАНАЙҒА ҚОЛ ҰШЫН СОЗУДА

Comments