АймақЖаңалықтарМәдениет

ТҮРКІСТАНДА “МЫҢ БАЛА” ЖОБАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Бүгін Түркістанда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аясындағы республикалық конкурстардың облыстық кезеңі өтті.
Байқауға аталған жобаның аудандық, қалалық конкурстарында үздік шыққан мектеп оқушылары қатысып, бақтарын сынады.
Жоба аясында қазақстандық этнос жастарына қазақ тілін оқыту бойынша «Тіл мектебі» авторлық бағдарламасы, «Өнер алды қызыл тіл», «Өнерлі өрге жүзер», «Жарқыра, жас дарын!» конкурстары, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» тақырыбындағы конкурстар мен викториналар, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, жалпықазақстандық диктант жазу мен ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу сайыстары өткізілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен 2015 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы этнос жастары мен мектеп оқушыларының мемлекеттік тілді меңгеруін, қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңіруді, қазақ халқының рухани құндылықтарына баулу арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуды көздейді.
«Мың бала» жобасының облыстық кезеңіндегі «Өнер алды — қызыл тіл» көркем сөз оқу конкурсында Созақ ауданы, Навои атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Ахметжан Айша, қазақ тілінде өлең жазуға қабілеті балалар, суырып салма жас ақындар, сондай-ақ қиыннан қиыстырып сөз табатын, ойы жүйрік, сөзге шебер жастарға арналған «Жарқыра, жас дарын!» конкурсында Сауран ауданы, Ахмет Ясауи атындағы жалпы орта мектептің 10-сынып оқушысы Шамитдинов Отабек, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарында өнер көрсетуге арналған «Өнерлі өрге жүзер» конкурсында Мақтаарал ауданы, Оспан Бапышев атындағы жалпы орта мектептің 8-сынып оқушысы Миркамалова Алина «жүзден жүйрік» деп танылып, қараша айында Елордада өтетін «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының республикалық байқауына жолдама алды.
Байқау қатысушыларының барлығына қаржылай сыйлықтар мен дипломдар, оқушыларды байқауға дайындаған жетекшілеріне басқарма басшысының Алғыс хаты табысталды.
Еске сала кетсек, 5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күні Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылған жалпықазақстандық диктант жазу жазу шарасы өткізіліп, оған Түркістан қаласындағы Р.Исетов және Н.Некрасов атындағы мектептерінің оқушылары қатысқан болатын.
Ақмола облысының Ақкөл ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Қоғамдық келісім» РММ-нің ұйымдастыруымен өткен «Тіл мектебі» лагеріне Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Дастон Абдалиев, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі Азиза Мамадалиева, облыстық түрік этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі Расим Каримов қатысты.
«Тіл мектебі» лагері қатысушыларды мемлекеттік тілді оқытудың жаңа әдістемелерімен таныстырып, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде оның қолдану аясын кеңейтуді мақсат тұтты.

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА БАТАГӨЙ ҚАРИЯЛАР САЙЫСТЫ  

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН-БАУЫРМАЛ ҚАЛА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *