Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ақжайық» музыкалық мектебінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар — этносаралық шиеленістің алдын алу мен болдырмаудың тиімді тетігі» тақырыбында семинар болып өтті.
Іс-шараның мақсаты – Түркістан облысы аумағында қоғамдық-саяси және этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ұлтына, тіліне қарамастан халықтың бір-біріне деген құрметін, достық көзқарасын қалыптастыру.
Семинарды Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ерлан Керімбеков ашып жүргізіп отырды.
Семинарда Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдіқұлов Созақбай Исаұлы ОҚМПУ-нің «Рухани жаңғыру» және тәрбие бөлімі басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Анарбаев Қайрат Сапарханұлы, ОҚМПУ-нің «Маркетинг және мансап» департаментінің басшысы заңгер-ғалым, Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі Битұрсын Ғалымжан Шәмшідінұлы, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Тоққұлова Гүлсара Төлебекқызы, баяндама жасады.
Баяндамашылардың ойы бір арнаға тоғысып, өңірдегі этносаралық татулықты, бірлікті сақтаудың маңыздылығына тоқталды. «Этностар арасында келеңсіздікке жол бермеу баршамызға зор жауапкершілік жүктейді. Тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайды. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарына, оның мүшелеріне артылған сенім жүгі жоғары. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы азаматтарымыздың татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ете аламыз», — деп өз пікірлерін ортаға салды
Жиын соңында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ерлан Керімбеков баяндамашыларға алғыс білдіріп,
бүгінгі семинар 25 — қазан Республика күніне орай өткізіліп отырғандығын айта келе, барша қатысушыларды мерекемен құттықтап, тәуелсіз елімізде ынтымақ пен достастық жасай берсін деген тілегін жолдады.
Сонымен қатар қоғамдық қызметте белсенділік танытып, өз үлестерін қосып жүрген бірқатар аудандық және қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен Аналар кеңесінің төрайымдары басқарма басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Comments