Түркістанда Республика және Қала күні мерекелеріне орай жалпы орта білім беретін мектептердің оқушылары арасында қалалық ән байқауы өтті. «Түркістан – жүрегімнің төріндесің» тақырыбындағы сайысқа 2-11 сынып аралығындағы 20 оқушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Балалардың терең білім алуымен қатар, өнерге бейімдеу, бойларындағы талантты танып, ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған байқауда оқушылар «Түркістан», «Отан», «Туған жер» жайлы патриоттық әндер орындады. Байқау нәтижесінде М.Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Дінмұхаммед Алпыс бас жүлдеге ие болып, байқау жеңімпазы атанды.
Барлық қатысушылар Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің диплом және мақтау қағаздарына ие болды. Қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Акбар Исхаков пен қазылар алқасының төрағасы Емен Сәметов байқауды қорытындылып, жүлдегерлерге марапаттарын тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments