АймақЖаңалықтарҚоғамМәдениет

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ 1200-ДЕН АСТАМ МАҢЫЗДЫ ІС-ШАРА ӨТІП ЖАТЫР  

Бұл туралы бүгін өңірлік комуникация қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев мәлім етті.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, облыста Республика күнін атап өтуде елдік пен бірлікті дәріптейтін қайырымдылық, экологиялық және патриоттық акцияларға басымдық берілуде. Сондай-ақ мерекенің мән-маңызын айшықтау бағытында салтанатты жиындар, концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылым, дөңгелек үстел, кітапхана көрмелері мен музейлерде экскурсия, спорттық шаралар т.б. ауқымды шаралар өткізілмек.

– Мемлекет басшысы биыл 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынған болатын. Осы ретте, Ұлттық мерекенің тұжырымдамасы негізінде облыста 30 іс-шарадан тұратын жоспар бекітіліп, аудан, қалаларда өтетін 1200-ден астам шараның 614-і өткізілді. Игілікті істер жалғасып жатыр. Мерейлі мереке барысында аудан, қалаларда әр саладағы еңбек сіңірген қызметкерлер, еңбек ардагерлері, ерлік көрсеткен азаматтар марапатталатын болады. Сонымен бірге, мереке күні облыс бойынша 7 430 орынға арналған 7 жаңа мектеп және спорт кешені сияқты маңызды нысандар халық игілігі үшін пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, жаңа аллеялар ашылып, тұрғын үйлер беріледі, бірқатар ауылдық округте таза ауызсу және табиғи газ іске қосылады, – деді Аңсар Жаңабайұлы.

Сондай-ақ басқарма басшысы мереке қарсаңында облыстағы түрлі этнос өкілдері тарапынан әзірленген «Менің Отаным — Менің Қазақстаным» патриоттық челленджі аясындағы бейнеқұттықтау Қызылорда облысына жолданғанын атап өтті. Осы тақырыптағы «Облыстық жастар ресурстық орталығы» КММ-і дайындаған видеоқұттықтау көрші Жамбыл облысына жолданған.

Аңсар Жаңабайұлының айтуынша, мереке шеңберінде қайырымдылық акциялары ұйымдастырылмақ. Аталған идеяны іске асыруға жергілікті бизнес өкілдері, демеушілер мен меценаттарды тара отырып «Жанашыр жүрек» акциясы бастау алды.

Сонымен қатар, медиа-жоспарға сәйкес, «Республика мақтанышы» айдары аясында өңірдің дамуына еңбек сіңірген қайраткерлер туралы мақалалар, естеліктер облыстағы газет-журналдарда жариялау жұмысы белсенді жүргізілуде. Республика күні мерекесінің тарихы мен маңыздылығы туралы бейнероликтер мен телехабарлар әзірленіп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде орналастырылуда.

Брифинг барысында Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан мәдени іс-шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, 19-20 қазан күндері «Конгресс Холл» кешенінде халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері байқауы өтеді. Сондай-ақ 22 қазан күні «Жаса, жайна Қазақстан!» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылмақ.

– Облыстық кітапханаларда ұлттық мереке кең көлемде аталып өтпек. Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында 21-23 қазан күндері «Асқақтай бер, айбынды Қазақстан!» апталығы өтсе, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында 25 қазан күні «Республика күні – ұлттық мереке» атты мерекелік іс-шарасы және кітап көрмесі болады. Сонымен қатар 22-25 қазан күндері облыс көлеміндегі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде мерекелік кештер, тарихи сағаттар мен кеңейтілген кітап көрмелері өтеді, театрларда түрлі қойылымдар ұсынылады, — деді А. Темірхан.

Мереке аясында оқушылар, студенттер және жастар ұйымдарының өкілдері арасында «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбында республикалық эссе конкурсы, «TuranBalafest» үздік өнерпаздар телешоуы, сондай-ақ Абай ескерткішінің алдында ұлы ақынның шығармаларын оқу, «Күлтегін» зияткерлік ойын жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

Бұдан бөлек, облыстық музейлерде 22-25 қазан аралығында мерекелік көрмелер, лекциялар, фотокөрмелер, танымдық ақпараттық кештер өтеді. Аудандық, қалалық мәдениет үйлері және орталық алаңдар мен саябақтарда салтанатты іс-шаралар мен мерекелік концерттер ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ облыс орталығында «Қазақстан – бейбітшілік мекені» тақырыбында сурет салу байқауы өтеді. 

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ РЕТІНДЕ ТІРКЕЛДІ

Алдыңғы

САЙЛАУДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТУ – АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫМ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *