1-қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Əділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауын жариялады. Оны көпшілік теледидардан, қалтателефоннан көрді. Көп Жолдаулардан ерекшелігі «ə» дегеннен Президент елдегі қордаланған кемшіліктерді атап -атап көрсетті.
«Біз «Азамат — бизнес — мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз» деді. Өйткені, бизнес дамымайынша ел экономикасы алға жылжымайды. Мəселен, қытайда қай бір жылы дағдарысқа ұшырағанда ұсақ бизнестің дамуына бар мүмкіндік беріпті. Қазір олар сол бизнес өкілдері шығарған өнімдері арқылы бүкіл əлемді жаулап барады. Мұнда жастарға ерекше көңіл бөлінген. Президентіміз «Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек.
Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі» деді. Міне, бұл болашағымыз — жастар үшін зор мүмкіндік. Елім деп жүрегі соққан жастар қазір мемлекетіміз дамуға нақты бағыт алғанда, өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланып, несие алып, кəсіптерін бастап кетсе, ертеңгі күні өзін ғана емес, өзгені де жұмыспен қамтып, өнімін өзгеге шығара алады. Шағын ғана кәсіппен бастап, көзін тапса, ірі компанияға айналып кетері анық. Мұндай жағдай көбейген сайын еліміздің экономикасы қарыштап алға баса береді.
Бұл Жолдау көпшіліктің көңілінен шықты. Əсіресе, ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызының балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылатыны да күтпеген қуаныш болды. Бұл ел болашағы үшін үлкен қадам.
Ел бірлігінің қашан да ең басты құндылық екені де айтылды. Дəл қазіргі кезеңде оның өзектілігі арта түсіп отыр. Сондықтан, ішкі жағдайдың барынша тұрақты болуына ерекше көңіл бөліп, барлық ұлт пен ұлыстың тату болуына ұмтылу қажет.
Жолдауда білім мен денсаулықты сақтауға, ауыл шаруашылығын дамытуға да қаражаттар бөлінетіні айтылды.
Иə, мұндағы əр көтерілген мəселе орындалуы тиіс. Ол орындалып жатса, əрбір отбасының əл -ауқаты көтеріліп, еліміздің толық өркендейтіні ақиқат.
Бұл Жолдау Жаңа Əділетті Қазақстан құру жолындағы мықты қадам екені даусыз. Ендеше, бəріміз Мемлекет Басшысының саяси жəне əлеуметтік -экономикалық бастамаларын толық қолдайық.
Базаркүл ҚАЛБЫР,
Muzbalaq.kz сайтының редакторы.
Comments