Бүгін Түркі әлемінің рухани астанасы — Түркістан шаһарына «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруі ат басын бұрды. Үш елдің, яғни Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің 16 қаласын аралауға ниетті жандар көне шаһардың көрікті жерлерін аралап, өлкеміздің тарихымен танысты.
Алдымен түрлі этнос өкілдерінен жиналған 30-ға жуық марш қатысушысы Түркістандағы Қ. А. Ясауи маңындағы саябақта көк туды көкте желбіретіп, салтанатты түрде жүріп өтті. Бұдан соң ашық аспан астында арнайы ұйымдастырылған мерекелік іс-шараны тамашалады.
Татулық пен бірлікті дәріптеген жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бақытжан Әшірбаев, сондай-ақ өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Шеру қатысушысы Динара Әкімбекова мұндай марш болатынын ести сала қолдап шыққанын айтады. Ақжаулықты ана өз балаларының, жақындарының бейбіт аспан астында өмір сүргенін қалайды.
– Бұл халықаралық шеру шілденің 1-інде Елордадан басталған болатын. Басты мақсат — этносаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты насихаттау. Дінге, ұлтқа бөлінбей, халықты бірлік пен ынтымаққа, келісімге шақыруды басты мақсат етеді. Бұған дейін халықаралық марш Алматы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Бішкек, Тараз қалалары арқылы жүріп өтті. Жаңарған Түркістан шаһары біздің осы шерудегі аралап келе жатқан 7-ші қаламыз екен. Шараға қолдау білдірген барша азаматтарға алығысымыз шексіз. Енді Түркістанда біраз аялдап, ары қарай Қызылорда қаласына аттанамыз, — дейді ол.
Айта кету керек, халықаралық шерудің бірінші кезеңі 4 тамызға дейін жалғасады. Ал екінші кезеңі Еуропа, Азия елдерінің 18 мемлекетін қамтитын болады.
Comments