Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Мәдени мұра ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері Солтүстік Арал өңірінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. «Батыс Сарыарқа мен Солтүстік Арал бойы сақтарының мәдени кешені: пәнаралық зерттеу» гранттық жобасы аясында жүргізілген археологиялық жұмыстар барысында Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл темір жол станциясының маңындағы Құмсай тұрағы және Ақтөбе облысы Ырғыз аудан орталығының маңында орналасқан Қабан-құлақ-3 қорғанды қорымындағы екі ескерткішті зерттеді.
Құмсай тұрағындағы Қосаман ескерткішіне жүргізілген барлау жұмыстары нәтижесінде энеолит дәуіріне тән қырлы отщепа, пластиналар, яшмадан жасалған екі моншақ, энеолит және ерте темір ғасырының керамикалары анықталды.
«Құмсай тұрағы Терменбес тауын айналып өтетін Жоғарғы белдемде өзеннің құрғап бара жатқан ағысына жақын барханалар арасындағы қуыста орналасқан. Жұмыс барысында 2х2, 1х1 шурфтар қазылды, онда мәдени қабаттар мен артефактілер табылған жоқ. Содан кейін тек көтергіш материалдарды жинау туралы шешім қабылданды. 154 ш.м. алаңда 1х1 мм тормен квадраттық жинау жүргізілді. Соның нәтижесінде 1500-ден астам артефактілерді сүзгіден өткізу нәтижесінде пайда болған көтергіш материал жиналды. Олардың ішінде нуклеустар, жебелердің ұштары, қырғыштар, пластиналар, отщепалар, чиптер және әртүрлі ою-өрнектері бар керамиканың ұсақ фрагменттері бар. Құмның тілімінде және шурфтардың бірінде прокал табылды, оның топырағы талдауға іріктеліп, флотация жүргізілді»,- дейді археология тобының жетекшісі Рүстем Дәрменов.
Сондай-ақ, Қабан-құлақ-3 қорғаны да зерттеліп, археологиялық материалдар қорымның Еуразия көшпенділері дәуіріне жататынын анықтады. Өкінішке орай, тарихтың жұмбақ беттерін ашып, құпия сырларын толықтай анықтауға қорғандардың тоналуы кері әсерін тигізуде. Соған қарамай энеолит және ерте темір дәуірлерінен хабар беретін жәдігерлер Ұлттық музей қорын толықтыра отырып, аталған кезеңдерде өмір сүрген халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік сыйлайды.
Comments