Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында үш тілді жетік меңгерген мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері арасында «Тіл шебері — 2022» байқауы өтіп жатыр. Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік оқыту орталығының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келген сайыста бүгін 12 маман бақ сынауда.
— «Тіл шебері» байқауы Қазақстан Республикасының тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мамандардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру және үш тілді жетік меңгерген қызметкерді анықтау, оларға қолдау көрсетіп, тіл мәдениетін көтеру мақсатында ұйымдастырылып отырған сайысқа 20-39 жас аралығындағы талапкерлер қатысып отыр. Бүгінгі байқаудың қалалық кезеңіне келген 12 маман іріктеу кезеңінде оқ бойы озық шығып, өз білімдерін дәлеледеген кіл мықтылар, — дейді Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының бөлім басшысы, қазылар алқасының төрайымы Гүлзина Рүстемова.
Талапкерлер байқау шартына сәйкес, «Тұсаукесер» кезеңінде өзін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде таныстырып, «Елтанымда» қазақ елінің тарихы, ұлы тұлғалары мен өңірлеріне қатысты экранда көрсетілген сурет бойынша үш тілде жауап беру тапсырылды. Сондай-ақ, «Сөзтаным» кезеңінде талапкерлер тапсырмада берілген сөйлемге орыс және ағылшын тіліне жылдам әрі қатесіз аударма жасауы тиіс. Ал, «Ойтанымда» ортақ тақырыпта мемлекеттік тілде бір беттік эссе жазу міндеттелді.
— Бүгінде мемлекеттік қызметтегі әрбір маманның үш тілді жетік меңгеруі тиіс. Ең әуелі, өзінің ана тілін, сосын ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлей білсе, нұр үстіне нұр. Себебі, ол — заман талабы. Маманның бірнеше тіл білуі оның біліктілік арттырып, байланыс орнатуына өте қажет,- дейді талапкер, Әл-Фараби ауданы бойынша кірістер басқармасының бас маманы Ерболат Әлімқұлов.
Айта кетейік, байқау Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтіп жатыр. Жеңімпаздар арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Сайыс қорытындысын газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.
«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА, Суретті түсірген Серік ҚОСАЕВ
Comments