Басқосуға қоғамдық кеңестің 29 мүшесінің 23-і қатысты. Кеңес төрағасы Шалатай Мырзахметұлының төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібінде қаладағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар мен саланы дамыту шаралары, Шымкенттегі қоғамдық-саяси тұрақтылық бағытындағы және әлеуметтік саладағы мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров баяндама жасады.
– Биыл қалада 29,8 мың гектар егістік егу жоспарланып, қазіргі таңда жұмыстар атқарылуда. Оған мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтсақ, тұқымдықты субсидиялауға – 20 млн, тыңайтқыштарға 122 млн теңге субсидия қарастырылған. Бұған қоса, көктемгі дала жұмыстарына 1000 тонна жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармай бөлінген. Қала бойынша негізінен мал азығы, дәнді дақылдар, көкөніс пен бақша, майлы дақылдар егіледі, – деді Әбунасыр Жанбатыров.
Басқарма басшысы қаладағы төрт түліктің саны мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстарына тоқталды. Спикер бұған дейін жүзеге асырылған азық-түлікті сатып алып, сақтап, көктемде бағасы қымбаттаған кезде әлеуметтік дүкендерде арзан бағамен сату әдісінің орнына қазір ірі сауда орталықтарына айналым қаражаты беріліп жатқанына тоқталды. Ол сауда орталықтары сол қаржыны айналымға салып, кейін мемлекетке қайтарады. Есесіне белгілі бір тізілімдегі тауарды әлеуметтік бағамен сатып отырады.
Баяндамадан кейін қоғамдық кеңес мүшелері сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Мысалы, «Оңтүстік Қазақстан жылыжай жұмыскерлері» қауымдастығының төрағасы Мырзахмет Снабаев қала маңайындағы егістіктерге қажет суармалы жүйе және тиімді несиеге қатысты сұрақтарын қойса, Азат Әміртаев қаңғыбас ит-мысықтарды аулау мәселесін көтерді.
Бұдан кейін қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов қоғамдық-саяси тұрақтылық бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев
Comments