Жаңалықтар

ДЕМАЛЫСТА ТАУҒА ШЫҚСАҢЫЗ САҚ БОЛЫҢЫЗ 

Жыл сайын мамыр айындағы демалыс күндері тауға саяхаттап шыққан адамдардың адасуы мен жоғалу жағдайлары жиілеп кетеді. Тау туризміндегі оқыс жағдайлардың 70 пайызы мамырдың алғашқы онкүндігінде орын алады екен. Сондықтан алдағы мейрам күндері тауға демалуға шығатын адамдар барынша сақ болып, қауіпсіздік шараларын орындауы тиіс.

Бұл туралы осы мәселеге байланысты Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімдіктерінің бірлесіп өткізген мәжілісінде айтылды. Басқосуға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және қос өңірдегі ЖОО, колледждердің және өзге де мекемелердің басшылары қатысты.

—2020 жылы тауда 8 адам адасып кетіп, өкінішке қарай, соның 2-еуі қаза тапқан болатын. Өткен жылы 16 адам жоғалып, олардың 4-еуінің мәйіті табылды. Бір жоғары оқу орнының 7 студент жоғалып, соның 4-еуі қаза тапқан қайғылы оқиға көпшіліктің есінен шыға қойған жоқ. Таулы аймақтар Түркістан облысының аумағында орналасқанымен, оған саяхаттап шығатындардың арасында Шымкент қаласының тұрғындары да аз емес. Сондықтан қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстары Шымкентте де, Түркістан облысында жүргізілуі тиіс, — деді Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Жиында оқу орындарының басшыларына студенттер мен оқушыларға тауға шыққан кезде ескерілуі тиіс қауіпсіздік шараларын түсіндіру тапсырылды. Сондай-ақ, ұйымдасқан түрде тауға шығар кезде кәсіби нұсқаушылардың қызметіне жүгіну керектігі айтылды. Сондай-ақ, GPS Tracker құрылғылар қолданудың маңыздылығы, тауда ауа райының тез құбылатынын ескеріп, жылы киім мен азық-түлікті, қол шамдар мен от жағатын құралдарды ала шығу қажеттігі түсінділіді.

Ерік Темірханұлы қорықтар мен табиғи парктердің аумағына кірер кезде бақылау-тексеру бекеттеріне міндетті түрде тіркелу қажеттігін, әлсіз және денсаулығы нашар адамдардың тауға шықпауы керектігін атап өтті.

—Тау – қауіпті аймақ. Ол қателіктерді кешірмейді. Әсіресе, тау өзендерінен аулақ болған жөн. Мәселен, Айғыржыққан өзенінің ағу жылдамдығы секундына 12-14 метрге жетеді. Аты айтып тұрғандай ол аттың өзін ағызып әкететін өзен. Адамдардың бұл өзенге құлап кетуі қайғылы жағдаймен аяқталады. Сондықтан демалушыларды тау өзендерінен сақтануға шақырамыз, — деді ол.

Жиынды қорытындылаған Ш.Мұқан тауда демалудың денсаулыққа, адамның жан-дүниесіне пайдалы екенін, алайда, қауіпсіздік шаралары мен туризм мәдениетін сақтау қажеттігіне тоқталды. Саяхаттаушыларды табиғатты аялауға, артына қоқыс тастап кетпей, тазалықты сақтауға шақырды.

«Шымкент келбеті» — Айдар ҚҰЛЖАНОВ, Фото: Серік ҚОСАЕВ.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА БАҒЫТТАЛДЫ

Алдыңғы

«VISIT SHYMKENT» 1000-НАН АСА АДАМДЫ ҚАЛА ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *