ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов Шымкент қаласына іс-сапармен келді. Іс-сапар аясында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «дүниежүзі тарихы және дінтану» кафедрасы «тарих және педагогика» факультетінің басшылығымен кездесті.
– Шымкентке келудегі мақсат – дін істері басқармасының жұмысымен, қаладағы діни ахуалмен жақынырақ танысу. Осы тұрғыда ой бөлісетін, талқыланатын мәселелер баршылық. Сонымен бірге «Жусан» операциясымен елге қайтқан әйелдер мен балалардың ішінде Шымкентте тұрып жатқандар бар. Солармен кездесу өткіздік. Оларды теологиялық, психологиялық оңалту мен қазақстандық қоғамға бейімдеу жағын қарастырдық. Сайрам елді мекеніндегі діни жағдаймен де таныстық. Сол жердегі діни қызметкерлермен жүздестік. Шымкент халқы көп, тығыз орналасқан, тұрғындардың көп бөлігін жастар құрайтын қала. Сондықтан жастар тәрбиесі назардан түспеуі қажет. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде болашақ дінтанушы мамандарды даярлау ісін талқылайтын боламыз, — деді Е.Нүкежанов.
Комитет төрағасының айтуынша, орта білім беретін мектептерде зайырлылық және дінтану негіздері атты факультативті сабақ өтіледі. Бұл пәнді көп жағдайда тарихшылар береді. Дінтану пәнін оқытуда небәрі 34 сағат бөлінген. Е.Нүкежанов оны аз деп санайды. Сонымен бірге дінтану пәнінде маман тапшы. Тарихшылар оқытқанымен олардың бағыты мүлдем басқа. Сондықтан күн тәртібінде тарихшыларды қайта даярлықтан өткізу мәселесі тұр.
Е.Нүкежанов мегаполиске іс-сапар барысында Шымкент медресесінің шәкірттерімен де кездесті. Ес басты міндет жастардың деструктивті, радикалды діни ағымдарға еріп кетпеу екенін айтады дін саласының өкілі. Сол себепті комитет діни бағыттағы кәсіби білім стандарттарын зерделемек.
«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ
Comments