«Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу- аса жауапты әрі күрделі міндет» деген болатын Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев мұғалімдердің тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде. Ал тәрбиелеу ісінде басты іргетас ата-анаға, оның ішінде анаға байланысты.
*** *** *** ***
Ауылдан «жиынға келіп кет» деген бір хабар жетсе, құстай ұшатыным бар.
«Ауылдан адам көшкенмен,
Адамнан ауыл көшпейді» деген өлең жолдары бар емес пе? Сонда айтылғандай, туып-өскен ауыл бәрібір есіңнен шықпай, өзіңмен бірге жүреді. Сонымен, Ордабасыдай киелі мекенде аудандық әйелдер кеңесі қызметін көп жылдан бері атқарып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жүрген Гулия Тайтелиева атты әпкем бар. Сол әпкем «Ана — отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі» атты тамаша жиын өткізді. Басқосуға аудандағы мектептерді «Алтын белгіге» бітіріп, қазір түрлі салада қызмет етіп жүрген түлектердің аналары жиналған. Бір отбасынан үш, екі баладан белгіні иеленгендер мол екен. 120000 тұрғыны бар ауданда қырыққа жуық осындай отбасының бары бұл үлкен мақтаныш. Мәселен, Майра Төребекованың (Ш. Уәлиханов атындағы жоғары орта мектеп), Айгүл Сланбектің (Қажымұқан атындағы орта мектеп) үш, Айнұр Қалбырованың (Қ. Мүсірепов атындағы орта мектеп), Ұлжан Байтастың (№18 кәсіптік колледж) және тағы басқаларының ұл-қыздары қазір өз алтын ұясының ғана емес, елдің мақтанына айналған азаматтар. Олардың арасында ғалымдар да, дәрігерлер де, кәсіпкерлер де бар. Ал аудан бойынша Д.А.Қонаев атындағы орта мектептен бес отбасының ұл-қыздарының шығуы бұл білім ұясының білімінің жоғары екенін көрсетеді.
Аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев, «Ордабасы оттары» газетінің директор-бас редакторы Ғалымжан Зиябек, аудандық білім саласы кәсіподақтар комитетінің төрағасы Қайрат Төлебаев, Бөржар ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Сәлима Әбілдаева, Жеңіс ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Жақсыкүл Батырбай және тағы басқа ата-аналар сөз сөйлеп, бала тәрбиесінің негізі ата-ана екенін, онан әрі ата-ана мен мектеп бірлесе еңбек еткенде нәтижесі жоғары болатынын, өйткені ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін әңгімеледі.
Енді алдағы уақытта осындай жиындар әр ауылда өтетін болды. Ал мұның әр оқушы мен ата-анаға, тіпті мектепке ынталандыру болатыны белгілі.
Мұндай жиынды тек ауданда ғана емес, облыста, тіпті республикада үлгі етіп өткізсе, жарасады.
Базаркүл ҚАЛБЫР.
Ордабасы ауданы,
Түркістан облысы
Comments