Түркістан облысында пайдаланылмай, бос жатқан және заңсыз алынған жайылым жер алқаптарын қайтару және түгендеу жұмыстары күшейтілді. Бұл мәселе облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды.
Космомониторинг арқылы «Гринпойнт» жүйесімен облыста 2019-2021 жылдар аралығында 1874,1 мың гектар алқапқа түсірілім жүргізілген. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 87,2 мың гектар жердің игерілмегендігі көрсетілген.
Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, 2021 жылы облыс бойынша 131,1 мың га пайдаланбай жатқан жер телімдері анықталса, оның ішінде арнайы жер қорына қайтарылғаны – 46,5 мың га. 61,2 мың га жерді қайтару жөнінде нұсқамалар берілген. 2021 жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ортақ жайылыммен қамтамасыз етудің қадамдық алгоритмі бойынша 133 елді мекенге 135,8 мың га жайылым жер бекітіліп берілген. Нәтижесінде жайылыммен қамтамасыз етілген ауылдық округтердің саны 70-ке жетіп отыр.
– Биыл түгендеу және қайтару жұмыстары арқылы тұрғындар жалпы 618,8 мың га ортақ жайылыммен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде жалпы облыстағы жайылым қажеттілігі үш есе төмендеп, 1054,5 мың га құрайтын болады, – деді ол.
Облыс әкімі жайылымдарды қайтару, түгендеу жұмыстарын жандандыра түсуді тапсырды.
– Әкімдер бос жатқан жайылымдар кімнің атында екенін жасырмай айтулары керек. Жайылымдар ел игілігі үшін қолданылуы тиіс. Бос жайылымдарды қайтару, түгендеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді Ө.Шөкеев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
___
Comments