Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында «Сартаев» шаруа қожалығына тиесілі жылыжай жылына 3 миллион көшет өсіреді. Шаруа қожалығының басшысы Сәбит Сартаевтың жылыжай шаруасымен айналысып жатқанына 12 жыл болған. Алғашында 10 сотық жерден жылыжай ашқан ол сұраныстың артуына байланысты көлемін жыл сайын ұлғайтып, қазіргі таңда көлемін 1 гектарға жеткізген. Табысты кәсібі арқылы 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтыған шаруа қожалық иесі еңбек етіп, табыс табам деген адамға жұмыс өте көп деп есептейді.
– Алдағы уақытта жылыжай көлемін тағы да ұлғайтамыз деген жоспарымыз бар. Қосымша еңбек күшін қажет ететін бұл салада маусымына қарай қырыққабат, қауын, қарбыз көшеттерін дайындап, тапсырысқа сай өндіреміз. Жалпы адамда жұмыс істеуге ниеті және жетістікке жетуге деген талап-тілегі болса, екі қолға бір күрек міндетті түрде табылады. Әсіресе қазіргі нарықтық заманда ер азаматтарымыз жауапкершілікті мойнына алып, отбасын асырау үшін тынбай жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Еңбектің жаманы жоқ, еңбек еткен адамға құдай несібесін береді, – дейді С.Сартаев.
Жылыжайдың бас агрономы Сейітбек Жұманов қырыққабат өсіру жұмыстары желтоқсан айында басталғанын атап өтті. Оның айтуынша қырыққабаттың сортына қарай диқандар тұқымдарын өздері жеткізіп, оны өндіріп беруге тапсырыс береді екен. Егілген тұқым өніп шыққанша қыруар жұмыстар атқарылады. Алайда көшеттің бағасы да еткен еңбекті ақтайды екен.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында жалпы жылыжайлардың көлемі 53 гектарға жеткен. Көшет өндіруден бөлек, шаруалар қызанақ, қиар, лимон және өзге де түрлі көкөніс пен дақылдарды өсіріп, қысқы ауа-райында жақсы табыс табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
___
Comments