Қаладағы №1 аурухана базасында дәрігерлер инсульт алған 69 жастағы науқастың ми қан тамырын микрохирургиялық әдіспен тігіп берді.
Шымкентте алғаш рет жасалған ота – еліміздің үздік нейрохирургі Еркін Медетовтың жетекшілігімен өтті.
Науқас аталған аруруханаға жедел жәрдем қызметімен жеткізілген. Инсульт алған науқасты дәрігерлер ангиографиялық әдіспен тексеріп, қан тамырындағы ақауды анықтаған. Пациенттің өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер шұғыл түрде оны ота залына кіргізіп, ми қантамырына хирургиялық ем жасады.
–Тексеру кезінде науқастың шат тамыры арқылы еніп, ми қан тамырларын тексердік. Тексерудің нәтижесінде ми қан тамырының бітелгенін анықтадық. Мидың сол аймағына қанның жетіспеушілігіне байланысты жаңадан тамыр тігу қажет болды. Сондықтан осы операция жасалды. Бұл отаның мақсаты мидың қан жетпей тұрған аймағына айналма жол арқылы қан жеткізу,-дейді нейрохирург Еркін Жұмағалиұлы.
Дәрігердің айтуынша, ота сәтті өткен. Науқастың қазіргі жағдай жақсы.
Comments