Шымкент қаласының 70 жастағы тұрғыны Әбдіманап Бейсенбаев коронавирустың ауыр түрін жеңіп шықты. Екі өкпесі қабынған қарт кісі 19-маусым күні Асар шағынауданындағы жұқпалы аурулар орталығына жедел жәрдем көлігімен ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер егде жастағы кісінің жағдайының ауыр болуына байланысты жансақтау бөліміне жатқызған.
Медицина мамандары науқасқа өкпенің компьютерлік томографиясын жасап, қос өкпесі қабынғанын анықтаған. Бұған қоса коронавирус инфекциясы оң нәтиже көрсеткен. Ауыр халдегі науқастың қан қысымы жиі көтеріліп, өкпесінің қабыну пайызы күннен күнге жоғарылаған.
— Өкпесіндегі қабыну күннен күнге көтеріліп, 60 пайызға дейін жетті. Соған қарамастан емді тоқтатпай, антибактериялық терапия, антикоагулянты терапия және қосымша симптоматиялық емдеу шараларын жүргіздік. 19 күн ішінде науқастың жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырдық, — дейді инфекционист-дәрігер Кенжекүл Әділбекова.
Коронавирустың ауыр түрін жеңіп шыққан қарияның қазір денсаулығы жақсы. Егде жастағы кісі бұған дейін мұндай дерттің бар екеніне сенбей жүрген екен.
Ауруды жеңіп шыққан қария дәрігерлерге алғысын жеткізді.
Comments