Шымкент қаласындағы ең ірі медициналық жабдықтар шығаратын кәсіп орынның бірі «Қазмедприбор» ЖШС-і пандемияға байланысты өнім көлемін 37 пайызға дейін арттырып отыр. Отандық кәсіпорын шығаратын медициналық жабдықтарға тіпті шет елден сұраныстар бар. Өкпені жасанды желдету аппараты қауіпті инфекцияға шалдыққан науқастарды емдеуге арналған негізгі құрылғылардың бірі. Коронавируспен күресте мұндай аса қажетті ИВЛ аппаратын дайындап шығаруда «Қазмедприбор» компаниясы қарқынды жұмыс істеуде.
Бүгінде кәсіпорын Шығыс және Батыс өңір мен еліміздің өзге де қалаларынан келген тапсырыс бойынша медициналық жиһаздар мен өкпені жасанды желдету аппараттарын дайындап шығаруда. Бұған қоса компания Қырғызстан және Өзбекстан елінен түскен сұраныс бойынша 50 дана ИВЛ құрылғысын нарыққа шығармақ.
— Біздің өнімдерге тапсырыс көбеюде. Пандемияға байланысты біз дайындап шығаратын өнім көлемін 37 пайызға көбейттік. KAZMEDPRIBOR тәулігіне 15-20 құрылғы шығаруға мүмкіндігі бар. Компания мұндай құрылғыларды ғана емес, сонымен қатар медициналық жабдықтар мен аксессуарлардың 300-ге жуық түрін шығарады. 2020 жылдың қыркүйек айының соңында компанияға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, біздің өнімдеріміздің өндірісімен танысты. Сондай-ақ, отандық өнімнің қазақстандық нарықтағы маңыздылығын атап өтті. Алдағы уақытта отандық нарықтағы өндіріс көлемін одан әрі арттыра береміз, — дейді «Қазмедприбор» ЖШС-і өкілі Қаныбек Қанатбекұлы. Қазмедприбор компаниясы қазір айына 150-ден аса медициналық жабдықтарды дайындап, шығаруда. Кәсіпорын жаңа жоба аясында электрокардиограф, ультра дыбыстық зерттеу сынды жаңа сападағы жабдықтарды нарыққа ұсынуды жоспарлап отыр.
Comments