ӘлеуметЖаңалықтарЗаңҚоғам

ТҮРКІСТАНДА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫНЫҢ КӨМЕГІМЕН 10 АЙДА 356 ҚЫЛМЫС АШЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Сонымен қатар пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Облыс әкімі жауапты басшылардың есептерін тыңдап, жұмысты жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар берді.

– Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды тұрақты жұмыспен қамту бойынша нақты шаралар қабылдап, оларды қайта даярлау және мамандық игеру жүйесін қайта пысықтап, ұсыныстар енгізу қажет. Мінезі мен іс-әрекетінде девиантты өзгерістері бар, тәуекел тобындағы оқушылармен атаулы әрі жеке жұмыс тетіктерін күшейтіп, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу шараларын жүйелеу керек. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нысаналы топтармен жұмысты күшейтіңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжіліс барысында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Данияр Баятанов пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың жұмыспен қамтылуы жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, қазіргі уақытта есепте тұрған 502 адам ақылы еңбекке тартылған. Бұл бағыттағы жұмыстың негізгі мақсаты – азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау, тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне ықпал ету және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу. Осыған байланысты пробация есебіндегі азаматтардың еңбек нарығына бейімделуі, кәсіби дағдыларын жетілдіруі және тұрақты жұмысқа орналасуы маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, ұсыныстарын жеткізді. Бұл ретте жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте анықтау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және тәуекел тобындағы оқушылармен жеке жұмыс жүргізу мәселелері өзекті болып отыр. Өйткені жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тек бақылау шараларымен шектелмей, білім беру ұйымдары, ата-аналар және тиісті мекемелер арасындағы жүйелі байланысты талап етеді.

Ал облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалымжан Қуашбаев өңірдегі құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы есеп берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы 93 134 бейнебақылау камерасының 51 829-ы полиция департаментінің жедел басқару орталығына біріктірілген. Бейнебақылау жүйелері қоғамдық орындардағы жағдайды бақылауға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Аталған камералардың көмегімен жыл басынан бергі 10 айда 356 қылмыс ашылып, 120 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіштер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи бақылау жүйелерінің маңызын көрсетеді.

Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында жүргізілген шаралардың нәтижесінде тіркелген деректер саны 42,8 пайызға төмендеген. Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл аясында заңсыз мазмұндағы 409-ға жуық интернет-ресурс бұғатталып, алаяқтыққа қатысы бар деген күдікке ілінген тұлғалардың 1 073 есепшоты тоқтатылған. Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғауға, интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттердің жолын кесуге және тұрғындардың алаяқтық тәсілдерінен хабардар болуына бағытталған.

Есірткі қылмысына қарсы күрес те комиссия отырысында назардан тыс қалған жоқ. Осы бағытта 165 рейд жүргізіліп, есірткі заттарын насихаттайтын 515 граффити жазуы жойылған. Бұдан бөлек, есірткі таратумен байланысы бар 1 360 интернет-ресурс бұғатталған. Мұндай шаралар есірткі айналымының алдын алумен қатар, әсіресе жастар арасында зиянды әдеттердің таралуына жол бермеуді көздейді. Құқық қорғау органдарының профилактикалық жұмыстары мен қоғамдық түсіндіру шараларының қатар жүргізілуі бұл мәселеге кешенді түрде қараудың қажеттігін аңғартады.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманың орындалу барысын таныстырды. Оның мәліметінше, өңірде заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында 17 аудан мен қалада 1299 іс-шара ұйымдастырылып, оған 135 мыңнан астам адам қамтылған. Бұл жұмыстар тұрғындарға заң талаптарын түсіндірумен қатар, қоғамдағы жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған.

Жастар арасында адалдық, еңбекқорлық, заңға құрмет және елге жанашырлық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған 2 563 іс-шара өткізіліп, 175 мыңнан аса жас қатысқан. Сонымен бірге құқық бұзушылық, нашақорлық, лудомания, буллинг және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша 1910 психопрофилактикалық шара ұйымдастырылып, 135 мыңнан аса жасқа түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл бастамалар жастардың құқықтық сауатын арттыруға, теріс әрекеттердің салдарын түсіндіруге және қоғам өміріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етуді көздейді.

Жалпы, комиссия отырысында қаралған мәселелер өңірде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары бірнеше бағытта қатар жүргізіліп жатқанын көрсетті. Бейнебақылау жүйелерін пайдалану, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы күрес, пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту және жастармен профилактикалық жұмыс жүргізу – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың өзара сабақтас бағыттары. Бұл ретте мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы мен тұрғындардың құқықтық жауапкершілігін арттыру маңызды рөл атқарады.

Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне күн тәртібінде талқыланған мәселелер бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Берілген тапсырмалар құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүйелеуге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын өңірде нақты істер арқылы жүзеге асыруға бағытталған.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА 190 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *