ЖаңалықтарҚоғамТаза Қазақстан

КЕЛЕС АУДАНЫНДА 50 МЫҢ ТҮП АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Келес ауданында елді мекендердің көркін арттыру, қоршаған ортаны қорғау және жасыл желек көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта аудан аумағында көктемгі және күзгі ағаш егу науқандары ұйымдастырылып, тұрғындарды табиғатты аялауға жұмылдыруға басымдық беріліп отыр.

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығындағы Асан қайғы көшесінің бойында ұйымдастырылған ағаш егу шарасына қатысты. Игі бастамаға ауыл ақсақалдары, жастар және аудан тұрғындары белсенді атсалысты. Қатысушылар аллея аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, қоршаған ортаны көркейтуге үлес қосты. Шараның басты мақсаты – ауданның жасыл аймақтарын көбейту ғана емес, тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Келес ауданында көктемгі және күзгі ағаш егу маусымында барлығы 50 мың түп көшет отырғызу жоспарланған. Оның 15 мың түбі көктемде, 35 мың түбі күзгі маусымда егілмек. Бұл жұмыстар аудан аумағын кезең-кезеңімен көгалдандыруға және елді мекендердегі жасыл желек көлемін арттыруға бағытталған. Жоспардың орындалуы үшін көшеттерді ауылдар мен ауылдық округтерге бөлу, оларды белгіленген аумақтарға отырғызу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта ауданға «Жасыл желек» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен 5 мың түп көшет жеткізіліп, ауылдар мен ауылдық округтерге бөлінген. Оның ішінде 3 мың түп қарағаш және 2 мың түп тұт ағашы бар. Көшеттерді елді мекендерге тарату арқылы көгалдандыру жұмыстарының ауқымын кеңейту көзделген. Ағаш түрлерін таңдау мен оларды отырғызу орындарын белгілеу де жасыл аймақтардың қалыптасуына ықпал ететін маңызды жұмыстардың бірі.

Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ағаш егу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, тұрғындарды туған жердің табиғатын қорғауға шақырды. Оның айтуынша, көгалдандыру жұмыстары тек көшет отырғызумен шектелмей, егілген ағаштарды күтіп-баптауды да талап етеді. Сондықтан әрбір тұрғынның бұл іске жауапкершілікпен қарауы маңызды.

— Ағаш отырғызу – болашаққа жасалған инвестиция. Бүгін егілген әрбір көшет ертең ауданымыздың көркіне айналып, жасыл желектің көбеюіне септігін тигізеді. Туған жерімізді таза әрі көрікті ету – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан егілген көшеттерді күтіп-баптап, олардың өсіп-өнуіне бірге атсалысуымыз қажет, – деді аудан әкімі.

Жасыл желектің көбеюі елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаның жайлылығын арттыруға да мүмкіндік береді. Аллеялар мен көшелер бойына отырғызылған ағаштар қоғамдық кеңістіктерді көркейтіп, тұрғындардың демалысы мен серуендеуіне қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл ретте ағаштарды уақытылы суару, топырағын күтіп ұстау және олардың өсуін бақылау жұмыстарының да маңызы зор.

Аудан аумағын көгалдандыру және жасыл желекті көбейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жоспарланған 50 мың түп көшетті отырғызу бастамасы Келестің табиғи келбетін жақсартуға, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне және тұрғындардың ортақ іске белсенді қатысуына бағытталған.

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ ҚАҒИДАТЫ

Алдыңғы

КЕЛЕСТІҢ АГРАРЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МЕРЕЙІ ӨСТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *