ӘдебиетӘлеуметЖаңалықтарҚоғамМәдениет

ТҮРКІСТАНДА ТАНЫМАЛ ҚАЛАМГЕР ЕРМАХАН ШАЙХЫҰЛЫНЫҢ ҚОС КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Түркістан қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мәдениет және ақпарат саласының үздігі, белгілі сатирик Ермахан Шайхыұлының «Жансарай» және «Мақал – сөздің сақалы» атты қос кітабының тұсаукесері өтті. Әдеби-мәдени шара қаламгер шығармашылығын насихаттау, оқырман қауымды жаңа туындылармен таныстыру және ұлттық әдебиеттің дамуына үлес қосып жүрген қалам иелерінің еңбегін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол қаламгердің шығармашылық жолына тоқталып, әдебиет пен мәдениетті дамытудағы еңбегінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ жаңа кітаптардың оқырманға жол тартуы рухани өмірдегі маңызды оқиғалардың бірі екенін жеткізді. Қаламгердің еңбектері арқылы ұлттық сөз өнері, қоғам тынысы мен адам болмысы көркем әрі сатиралық сипатта өрнектеліп келе жатқаны айтылды.

Кітаптардың тұсаукесер рәсіміне «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, қаламгер Ғалымжан Елшібай, тарихшы, журналист Тельман Бейсен, белгілі сазгер, ғалым Бекжігіт Сердәлі, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков қатысты. Басқосуға жиналған зиялы қауым өкілдері автордың шығармашылық ізденістеріне тоқталып, жаңа туындылардың әдеби орта мен оқырман үшін маңызы жөнінде пікір білдірді. Қаламгердің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан шығармашылық тәжірибесі мен қоғамдық өмірдегі белсенділігі де сөз болды.

Жиынды Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Айдар Сейдазым жүргізді. Ол кітап авторымен сұхбаттасып, жаңа басылымдардың мазмұны мен жазылу барысы туралы әңгімелесті. Сұхбат барысында қаламгердің шығармашылық ұстанымы, әдебиетке келу жолы және туындыларына арқау болған тақырыптар қозғалды. Қатысушылар автордың сатиралық шығармаларындағы қоғам өміріне қатысты ойлар мен мақал-мәтелдердің тағылымдық мәніне де назар аударды.

«Жансарай» және «Мақал – сөздің сақалы» атауларының өзі оқырманды мазмұнға үңілуге жетелейді. Бірі адамның ішкі әлемі мен рухани дүниесіне ой жүгіртуге бағыттаса, екіншісі халық даналығының терең мағынасын, мақал-мәтелдердің өмірлік мәнін зерделеуге мүмкіндік береді. Жалпы, әдеби туындылардың жарық көруі оқырманның рухани қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, ана тілінің байлығын, сөздің қадірі мен көркем ойдың құндылығын танытуға қызмет етеді.

Жиын барысында қаламгердің өмірбаяны мен шығармашылық жолына арналған бейнеролик көрсетілді. Онда Ермахан Шайхыұлының еңбек жолы, әдебиет саласындағы жетістіктері мен шығармашылық қызметінің негізгі кезеңдері таныстырылды. Бұл көрермендерге автордың шығармашылық әлеміне тереңірек үңіліп, оның әдебиетке қосқан үлесін кеңінен тануға мүмкіндік берді.

Басқосу концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаздар ән мен әуен арқылы кештің мазмұнын толықтырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әдебиет пен өнер тоғысқан рухани кеште қаламгердің шығармашылығына құрмет көрсетіліп, жаңа кітаптардың оқырманға жол тартуына орай ізгі тілектер айтылды.

Ермахан Шайхыұлының қос кітабының тұсаукесері – Түркістанның мәдени-әдеби өміріндегі тағылымды кездесулердің бірі. Осындай басқосулар қаламгерлер мен оқырман арасындағы байланысты нығайтып, кітап оқу мәдениетін дамытуға, ұлттық әдебиетті насихаттауға және рухани құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруге ықпал етеді.

ҚАУІПСІЗ ОТБАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН: МОБИЛЬДІ АУДАРЫМДАРҒА ҚАТЫСТЫ БАҚЫЛАУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *