ӘдебиетӘлеуметЖаңалықтарҚоғамМәдениетТарих

ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ҮШ ТІЛДЕ ЖАРЫҚ КӨРГЕН КІТАП ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Мәдениеттер диалогы – 2026» халықаралық симпозиумы аясында «Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» атты бірегей кітап-альбомның тұсаукесері өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жарық көрген жаңа туынды Түркістанның бай тарихын, мәдени мұрасын және рухани құндылықтарын кеңінен таныстыруға бағытталған. Басылымның басты ерекшелігі – қала тарихына қатысты бұрын көпшілік назарына ұсынылмаған деректер мен құнды материалдардың жинақталуы. Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көріп, отандық оқырмандармен қатар шетелдік зерттеушілер мен Түркістан тарихына қызығушылық танытатын азаматтарға да арналған.

Кітапты әзірлеуге «Алматыкітап баспасының» шығармашылық тобы атсалысқан. Басылым мәтінін академик, тарихшы Саттар Мәжитов дайындаса, иллюстрацияларын атақты суретші, кескіндемеші Дәурен Қастеев әзірлеген. Кітаптың дизайнын Сүндет Маемген жасап, фотоматериалдардың 90 пайызын Гаухар Саймасаева жинақтаған. Әр маманның кәсіби еңбегі тоғысқан бұл басылым Түркістанның тарихи келбетін сөзбен ғана емес, көрнекі материалдар арқылы да танытуға мүмкіндік береді. Ондағы фотосуреттер мен иллюстрациялар қаланың өткен кезеңдері мен бүгінгі тыныс-тіршілігін өзара сабақтастыра көрсетеді.

Аталған іс-шараға ҚР туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, басылымның тарихи-мәдени мұраны насихаттаудағы маңызына тоқталды. Қатысушылар кітаптың жарық көруін Түркістанның тарихи мұрасын кеңінен таныту жолындағы маңызды бастамалардың бірі ретінде бағалады. Сондай-ақ мұндай еңбектердің өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға, тарихи орындарға деген қызығушылықты күшейтуге және қаланың халықаралық деңгейдегі танымалдылығын нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.

Кітап – «Алматыкітап баспасы» директорлар кеңесінің төрағасы Элеонора Баталованың бастамасымен жарық көрген. Төрт жыл бойы дайындалған басылымға Түркістан тарихына қатысты сирек фотосуреттер, архивтік құжаттар, тарихи материалдар мен көпшілік біле бермейтін деректер енгізілген. Ұзақ уақыт бойы жүргізілген ізденіс пен жинақтау жұмыстарының нәтижесінде кітап мазмұны тарихи мәліметтермен толықтырылып, қаланың әр кезеңдегі даму жолын танытуға мүмкіндік беретін құнды еңбекке айналған. Онда Түркістанның тарихи маңызы, сәулет ескерткіштері, мәдени мұрасы мен өңірдің рухани өміріне қатысты материалдар қамтылған.

Түркістан – қазақ халқының тарихында айрықша орны бар, сан ғасырлық өркениет пен руханияттың куәсіне айналған қасиетті мекен. Қаланың тарихын зерттеу, ондағы тарихи ескерткіштер мен құжаттарды сақтау, кейінгі ұрпаққа жеткізу – ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа кітап-альбом тек ақпараттық басылым ғана емес, тарихи мұраны жүйелеп, оны кең аудиторияға таныстыруға бағытталған танымдық еңбек саналады. Үш тілде жарық көруі де басылымның ауқымын кеңейтіп, Түркістанның тарихын халықаралық оқырманға таныстыруға жол ашады.

Айта кетейік, кітап бұған дейін Бейжің, Гуанчжоу және Франкфурт қалаларындағы халықаралық кітап көрмелерінде, сондай-ақ Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Алтын Орда тарихына арналған конференцияда таныстырылған. Бұл басылымға деген қызығушылықтың халықаралық деңгейде де бар екенін көрсетеді. Түрлі елдерде өткен мәдени және ғылыми іс-шараларда таныстырылуы Түркістанның тарихи мұрасын шетелдік аудиторияға жеткізуге мүмкіндік берді.

«Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» кітабының жарық көруі – өңірдің тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттауға қосылған үлес. Мұндай басылымдар арқылы өскелең ұрпақ туған өлкенің тарихымен тереңірек танысып, тарихи жады мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыра алады. Сонымен қатар үш тілдегі нұсқасы Түркістанның бай мұрасын халықаралық кеңістікте танытуға, қаланың тарихи келбеті мен рухани маңызын кеңінен дәріптеуге қызмет етеді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР БОЙЫНША КӨШБАСШЫ ОРНЫН САҚТАП ТҰР

Алдыңғы

ТҰРҒЫН ҮЙДЕН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА ДЕЙІН: ОБЛЫС ӘКІМІ ЖҮЙЕЛІ БАҚЫЛАУДЫ ТАПСЫРДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *