Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Түркістан қаласында мәдениет саласы қызметкерлері арасында кіші футболдан «Madeniet Cup» турнирі ұйымдастырылды. Спорттық шараны «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Түркістан қаласының әкімдігі бірлесіп өткізді. Жарыс мәдениет саласында еңбек ететін мамандардың басын қосып, олардың өзара ынтымақтастығын арттыруды және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауды мақсат етті.
Турнирдің ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген азаматтар қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттық бәсекенің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ мұндай бастамалардың әртүрлі мәдениет мекемелерінің қызметкерлері арасындағы байланысты нығайтып, ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуге ықпал ететінін атап өтті.
Спорттық додаға музей-қорықтар, кітапханалар, театрлар, мәдениет мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерінен құралған 10 команда қатысты. Қатысушылар алаңда өзара бақ сынап, шеберліктері мен командалық үйлесімділіктерін көрсетті. Әр команда жеңіске жету үшін бар күш-жігерін жұмсап, көрермендерге тартысты ойын сәттерін сыйлады.
«Madeniet Cup» турнирі тек спорттық жарыс қана емес, мәдениет саласы өкілдерінің бейресми жағдайда кездесіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін ортаға айналды. Әртүрлі мекемелерде қызмет ететін мамандардың бір алаңда бас қосуы өзара таныстықты арттырып, кәсіби байланыстарды нығайтуға жол ашты. Сонымен қатар футбол арқылы командалық рухты қалыптастыру, ұйымшылдық пен ортақ жауапкершілікті дамыту көзделді.
Турнир барысында командалар арасында тартысты ойындар өтіп, жеңімпаздар қорытынды кезеңде анықталды. Нәтижесінде Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының командасы жоғары ойын өрнегін көрсетіп, жарыстың чемпионы атанды. Халықаралық «Turkistan» телеарнасының командасы екінші орынға тұрақтаса, Түркістан музыкалық-драма театрының командасы үздік үштікті түйіндеді.
Жарыстың жабылу салтанатында музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов жеңімпаздарды құттықтап, турнирге қатысқан барлық командаға алғыс білдірді. Ол қатысушылардың белсенділігі мен спортқа деген қызығушылығын атап өтіп, мұндай жарыстардың мәдениет саласы қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы орнын жеткізді. Жеңімпаз командаларға көрсеткен нәтижелері үшін құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, сайысқа Түркістан қаласынан бөлек, Жамбыл облысы, Ордабасы және Отырар аудандарының командалары да қатысты. Бұл турнирдің географиялық ауқымын кеңейтіп, өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді. Түрлі елді мекендерден келген командалар спорттық дода арқылы өзара тәжірибе алмасып, бірлік пен достықтың үлгісін көрсетті.
«Madeniet Cup» турнирі мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби қызметтен тыс уақытта да белсенді өмір салтын ұстануына серпін берді. Осындай спорттық бастамалар ұжымдар арасындағы ауызбіршілікті арттырып, салауатты өмір салтын күнделікті дағдыға айналдыруға ықпал етеді.













Comments