ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Түркістан облысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындар арасында көміртегі тотығынан улану жағдайларының алдын алу бағытында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мақсат – тұрғын үйлердегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау, өрт шығу қаупін азайту және халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқарма бастығының орынбасары Әбдіислам Әбдіқадіров мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жылыту маусымы басталған кезеңде тұрғындардың пештерді, электр құрылғыларын және газ жабдықтарын дұрыс пайдалануы ерекше маңызға ие. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау өрттің шығуына, сондай-ақ көміртегі тотығынан улану секілді адам өміріне қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі тұрғын үйлерді аралап, қауіпсіздік талаптарын түсіндіру және анықталған кемшіліктерді жою бағытында жұмыстар атқаруда.

«2026 жылдың басынан бері облыс аумағында 370 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға аз. Алайда өрт салдарынан 7 адам қаза тауып, тағы 7 тұрғын жарақат алған. Жылыту маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік осал топқа жататын 27 294 тұрғын үй есепке алынды. Жүргізілген профилактикалық тексерулер нәтижесінде 23 580 қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталып, оның 15 780-і жойылды. Негізгі кемшіліктер электр жабдықтарын пайдалану, пештер мен мұржаларды күтіп ұстау және газ жабдықтарын орнату талаптарына қатысты. Тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру үшін әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне өрт пен улы газды анықтайтын 12 590 дабылқаққыш орнатылған. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен демеушілердің қолдауымен қосымша 5 мыңнан астам газ сигнализаторы мен көміртегі тотығын анықтайтын дабылқаққыш қойылды. Әлеуметтік осал отбасыларға қолдау көрсету мақсатында мұржаларды тазалау, жылыту пештерін жөндеу және электр сымдарын ауыстыру бағытында «Көмек қолы» атты 32 акция өткізілді», – деді спикер.

Келтірілген мәліметтерге сәйкес, профилактикалық тексерулер барысында анықталған кемшіліктердің басым бөлігі тұрмыстық қауіпсіздік талаптарын сақтамауға байланысты. Атап айтқанда, электр сымдарының жарамдылығы, пештердің техникалық жағдайы, мұржалардың тазалығы және газ жабдықтарының дұрыс орнатылуы жіті назарға алынған. Мұндай олқылықтарды уақытылы анықтап, жою өрттің алдын алуға және жылыту жүйелерін қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмек те профилактикалық жұмыстардың маңызды бөлігі саналады. Өрт және улы газды анықтайтын дабылқаққыш құрылғылар төтенше жағдай туындаған кезде тұрғындарға ертерек ескерту беруге арналған. Ал мұржаларды тазалау, пештерді жөндеу және электр сымдарын ауыстыру секілді жұмыстар үйлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. «Көмек қолы» акциялары аясында атқарылған шаралар да осы мақсатты көздейді.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмауды, пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды, электр желілеріне шамадан тыс күш түсірмеуді және газ жабдықтарының жарамдылығын тұрақты тексеріп отыруды ескертеді. Сондай-ақ мұржаларды уақытылы тазалап, желдету жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуіне назар аудару қажет. Үй-жайда улы газдың таралу қаупін азайту үшін қауіпсіздік дабылқаққыштарын орнатудың да маңызы зор.

Жылыту маусымындағы қауіпсіздік тек жауапты мекемелердің бақылауына ғана емес, әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігіне де байланысты. Осыған орай Түркістан облысында профилактикалық тексерулер, түсіндіру жұмыстары және әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуда. Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға және анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюға шақырады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 23-ШІ «ЖАС САҚШЫ» СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАНДА «MADENIET CUP» ФУТБОЛ ТУРНИРІ ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *