Түркістан облысында полицейлер жоғары оқу орындарының жатақханаларында тұратын студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шараларды күшейтуде. Негізгі мақсат – жастардың білім алуына және тұруына қолайлы жағдай қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жатақханаларда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Осы мақсатта Түркістан облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермек Өсербаев өңірдегі үш жоғары оқу орнының жатақханаларына арнайы барды. Жұмыс сапары барысында оқу орындарындағы студенттердің тұрмыс жағдайымен танысып, қауіпсіздік талаптарының орындалу барысына назар аударды. Сонымен қатар жатақхана аумағындағы қоғамдық тәртіпті сақтау және студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері қарастырылды.
Кездесу барысында студенттердің тұру жағдайлары, қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілді. Атап айтқанда, жатақхана ғимараттарындағы қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйі, ішкі тәртіп ережелерінің орындалуы және бөгде адамдардың нысанға кіруін бақылау мәселелері назарға алынды. Мұндай тексерулер студенттердің күнделікті өмірінде қауіпсіз ортаны қалыптастыруға және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Студенттермен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Полицейлер жастарға құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызын түсіндіріп, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, заң талаптарын орындау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде әңгіме өрбітті. Сонымен бірге студенттерге өздерінің құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беріліп, қандай да бір құқыққа қайшы әрекеттерге тап болған жағдайда тиісті органдарға хабарласу қажеттігі айтылды.
Профилактикалық кездесуде жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне де көңіл бөлінді. Студенттерге бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде сақ болу, жеке қауіпсіздікке мән беру, интернет кеңістігіндегі күмәнді ұсыныстар мен алаяқтық әрекеттерден қорғану жөнінде ескертулер жасалды. Сондай-ақ жанжалдар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда мәселені заң аясында шешудің маңыздылығы түсіндірілді.
Сонымен қатар полицейлер жоғары оқу орны басшылығымен, жатақхана коменданттарымен және күзет қызметкерлерімен кездесті. Жиында өткізу режимін күшейту, қырағылықты арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау мәселелері талқыланды. Әсіресе, жатақханаға кіріп-шығатын азаматтарды бақылау, ішкі тәртіптің сақталуын қадағалау және жауапты қызметкерлердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындауы жөнінде пікір алмасты.
Жатақханалардағы қауіпсіздік тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, оқу орындары әкімшілігінің, күзет қызметінің және студенттердің ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді. Осы орайда әрбір тараптың өз міндетін жүйелі атқаруы, күмәнді жағдайларға дер кезінде назар аударуы және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажеттігі айтылды. Сонымен бірге студенттердің өзара сыйластығын қалыптастыру, жатақхана ішіндегі тәртіпті сақтау және жастар арасында құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Кездесулердің қорытындысымен жауапты тұлғаларға бақылауды күшейту бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Жоғары оқу орындары басшылығына жатақханалардағы қауіпсіздік талаптарының орындалуын тұрақты назарда ұстау, күзет қызметкерлерінің жұмысын үйлестіру және анықталған кемшіліктерді уақытылы жою қажеттігі ескертілді.
Студенттердің қауіпсіздігі полицияның ерекше бақылауында. Өңірде жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Полиция қызметкерлері жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмысты одан әрі нығайтып, студенттердің алаңсыз білім алып, қауіпсіз жағдайда өмір сүруіне бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізбек.













Comments